Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласы еліміздегі жастар мен студенттердің қоғамдық бірлестіктері арасында да қызу пікірталас туғызды. Қоғамның танымал жас мүшелері Президенттің тарихи сананы жаңғырту туралы бастамаларын іске асыруға үндеді.
«Өнер адамы ретін қоғамдағы басты оқиғаларды үнемі назарда ұстап жүремін. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты танымдық мақаласын толық оқып шықтым. Бұл мақаланы өзім тарихи санамызды жаңғыртудың мән-мағынасын жаңа қырынан аша түскен рухани құжат ретінде қабылдадым. Мақаладағы «Ұлы даланың көне сарындары» атты ата-бабамыздан мұра болған дала фольклоры мен музыкасының мыңжылдығын жасау — өте қуантарлық жағдай. Президент айтқандай, көне мәдени мұрамызды заманауи электрондық нұсқамен жарыққа шығара білсек, өскелең ұрпақты терең тарихпен, қолжетімді әдіспен тәрбиелей аламыз», — дейді продюсер, PR-менеджер Алпамыс Шәріпов.
«Жас ұлан» балалар мен жастардың бірыңғай ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динара Сәдуақасова жастар ұйымы Президент ұсынған тарихи мәні бар бастамаларды қолдайтынына сенім білдірді.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — бүгінде ұлтымыздың ғасырлар бойы сақталған бар-болмысын айқындайтын керемет құжат. Жеті бастама тариxымызды бірнеше ғасырға шегеріп қана қоймай, әрбір азаматтың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді оятып, берік негіз құруда таптырмас дүние. Еліміздің жас ұландары Мемлекет басшысының осы бастамасын қолдап, оны насиxаттауда сүбелі үлес қосатындығына сенім білдіремін», — дейді Динара Сәдуақасова.
«Қазақстан студенттерінің альянсының» республикалық студенттер қозғалысының президенті Ілияс Түстікбаев те Президенттің жаңа мақаласында айтылған жобаларды іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Тарихи сананы жаңғырту үшін терең тарихыңның болуы хақ. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — бүгінгі уақыт кеңістігінде біздің рухани тірегімізді одан әрі бекітуге, әлемге паш етуге аса қажет тұстарды айқын бағамдаған құнды құжат. Расымен, Еуропа халықтары өздерінің көне дәуірімен әлемге мақтанышпен қарайды. Бізде барша халықтың алдында, өз дәуірінде өзгеге үлгі болған, өзіндік мәдениеті мен өмір сүру салтын қалыптастырған көне түркілердің ұрпағы екенімізді мақтанышпен айта аламыз. Мақала Тәуелсіздігіне 27 жыл толған қазақ елінің тарихы, мәдениеті мен ұлттық санасы мыңдаған жыл бұрын қалыптасқанын тағы бір қадап көрсеткен, жастарға тәрбиелік орны ерекше құрал деуге болады», — дейді Ілияс Түстікбаев.