Шараға Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы, түркімен кинорежиссеры, сценарист және оператор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ходжакули Нарлиев, Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті Мендерес Демир, «Хабар» агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейтмамыт, «Хабар» агенттігінің бас редакторы Күлімхан Хасенова, Тәжікстан кинематографистер одағының төрағасы Сафар Хакдодов, кинорежиссер, сценарист Али Хамраев, режиссер, актер, сценарист, продюсер Октай Мир-Касимов қатысты. Дөңгелек үстелді продюсер, NETPAK мүшесі, әлемдегі түркі киносы қауымдастығының атқарушы комитетінің мүшесі Қанат Төребай жүргізді.
Кездесуді Шәкен Айманов кинофестивалінің бас директоры Ермек Тұрсынов ашып, жиналған қонақтардың жұмысына сәттілік тіледі. Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы Ходжакули Нарлиев қазіргі замандағы түркі елдерінің кинематографиясының жағдайы туралы сөз етіп, оны әрі қарай әлемге таратуда қандай қиындықтар кездесетіні туралы айтты. Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті Мендерес Демир кинематография саласында ынтымақтастықты дамыту үшін ең басты кедергі ортақ тілдің жоқтығына тоқталды.
Біздің қауымдастық түркі әлемінің киносын дүниежүзіне тарату бойынша көп жұмыс атқарып жатыр. Біз ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз және түркі киносын әлемдік деңгейге шығарғымыз келеді. Сондықтан да біз бүгінгі кездесуге қазақ телеарнасының қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Ортақ келісімге келеміз деп сенемін, — деді Ходжакули Нарлиев.
Сонымен бірге «Ел арна» арнасының директоры Арман Сейтмамыт Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің эфирге шығатын фильмдерінің жағдайы және перспективасы туралы айтып, қазақ телеарналары түркі әлемінің киносын көрсетуге дайын екенін айтты.
«Ел арна» тек қазақ киносын көрсетеді, бірақ осы жылдың күзінен бастап біз Орталық Азияның үздік киноларын көрсете бастадық. Тәжікстанмен тез келісімге келіп, олардың киносын көрсетіп жатырмыз. Енді бізге басқа да түркі әлемі елдерімен ынтымақтастық орнату қажет. Сол себепті де мен осында келгеніме қуаныштымын. Біз бірігіп жұмыс істеуге және түркі әлемі елдерінің киносын қазақ телеарнасында көрсетуге дайынбыз, — деді Арман Сейтмамыт.
Кездесудің соңында Шәкен Айманов кинофестивалінің ұйымдастырушылары «Үміт» ТМД елдеріндегі жастар кино форумы, халықаралық Азия кинофестивалі, «Дидор» халықаралық кинофестивалі, халықаралық Қазан мұсылман кинофестивалі және Түркі елдерінің деректі фильмдер фестивалі өкілдерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.