TED — бірегей идеяларды таратуды мақсат еткен, жыл сайын конференциялар ұйымдастыратын халықаралық қор. ТED спикерлері технология, дизайн, ойын-сауық, саясат, бизнес, медицина, әлеуметтік сала сияқты түрлі тақырыпта жаңа идеялар айтады.

Ал TEDх — елдерде, қалаларда, университеттер мен ұйымдарда TED стилінде өтетін жергілікті жоба. Ол TED лицензиясы бойынша ұйымдастырылады.

2016 жылы бірінші TEDxAbayStWomen-нің тақырыбы «Беташар» болды. Ол кезде әйелді тұлға ретінде таныту мен басқа да гендерлік күрделі проблемалар қозғалды. Екінші конференция 2017 жылы «Тұсау кесу» тақырыбымен өтті. Енді биыл 2 желтоқсанда болатын үшінші TEDxAbayStWomen тақырыбы — «Таңдау».

TEDxWomen
Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Әр адам таңдау жасайды, таңдау жасауға құқығы бар. Сондықтан конференция алаңына түрлі саладан әйелдер шақырылып, олардың қандай таңдау жасап, бұл таңдаудың олардың өміріне қалай әсер еткені талқыланады. Осылайша жыл сайын тақырып өзгеріп, түрлі спикер келетіндіктен конференция идея жағынан түрленіп, жаңарып отырады.

TEDxWomen
Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Әр әйелдің өз құқығын білгені маңызды. Мені бұл тақырып алаңдататын. Осы TED форматы да қатты ұнайтын. Бүкіл концепциясы мен техникалық жағын қарастыра отырып бұл шараның пайдасы мол болатынын көрдім. Сөйтіп, 2016 жылы ең алғаш рет TEDxAbayStWomen ұйымдастыруды қолға алдым, — дейді конференцияны ұйымдастырушы  Лейла Махмудова.

Лейла Махмудова
Лейла Махмудова. Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Биылғы TEDxWomen былтырғыдан ерекше. Себебі оның алдында жастарға арналған TEDxYouth өтті. Ол шара дәл сол форматты сақтап, Women-ге  көптеген артықшылық берді.

Білім беру, жаңа идеяны өндіру тез жүретін процесс емес. Ақпаратты қабылдап, оны пайдалану үшін, адам көзқарасының өзгеруі үшін көп уақыт керек. Нәтижесін бірден көрмейсің. Жаңа идея бұрынғы ойлармен саралап, салыстырудан, сұрақтарға жауап беруден дамиды. «Не үшін? Қалай?» деген сұрақтар туғанда адамда күмән пайда болады. Осы кезең маңызды. Ол — адамның тұлға ретінде дамып жатқанының белгісі. Менің ойымша, TEDx-ке келген аудитория — ойында туындаған сұрақтарға жауап іздеушілер немесе жауабын тауып әрі қарай дамығысы келетіндер, — дейді Лейла Махмудова.

TEDxAbayStWomen-ді 25 адамнан тұратын үш топ ұйымдастырады. Олар: шараны дамытумен айналысатын Рromotion тобы, спикерлерді тауып, олармен жұмыс істейтін Кураторлар тобы, конференцияны ұйымдастыратын Event тобы.

TEDxWomen
TEDxWomen-2017 ұйымдастырушылары. Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Кураторлар тобында сегіз адам бар. Ең алдымен біз өзекті тақырыптар бойынша спикерлерді іздстірдік. Ұсыныстар мен ортақ таныстар арқылы жобаға 30 шақты спикер тауып, оларды іріктеуден өткіздік. Бұл оп-оңай жұмыс емес. Себебі адамдарды аузына қаратып, жаңа ой ұсына алатын бірегей адамды табу үшін көп уақыт қажет. Бұл жерде кураторлар тобының еңбегі зор. Олар спикерлерді іздеп қана қоймай, дайындап, әрқайсысымен жұмыс істейді. Себебі кураторлар тобы спикерлердің идеясымен шабыттанып, басқа адамдарға оны дұрыс жеткізу жолын көрсетеді, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Нұрлы Маршал.

TEDxWomen
TEDxWomen-2017. Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

TEDxWomen-ге дайындық жазда басталған. Алдымен маңызды ойымен, өмірлік тәжірибесімен бөліскісі келетін спикерлермен жұмыс істедік. Олардың аудиторияға не айтқысы келгенін және оны қалай айтқысы келгенін анықтадық. Қазанда іріктеу кезеңі басталды. Содан бері аптаның әр жексенбісінде жиналып, күні бойы спикерлермен жұмыс істедік. Қазір TEDxWomen дайындықтың соңғы сатысында. Басты жаттығуларды өткізіп жатырмыз, — дейді Перизат Сейфульмаликова.

TEDxWomen
TEDxWomen-2017. Фото: Конференцияның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Шараға тіркеу жақын арада басталады. Оны қысқа уақытта жүргіземіз. Себебі сол кезде ғана конференцияға шынымен қызығып, оны күтіп жүргендер келеді. Біз үшін сан емес, сапа маңызды, — дейді Кирилл Флаймэн.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!