Басты бетЖаңалықтарОтбасыны қолдаудың...

Отбасыны қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы жобасы таныстырылды

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс» деген сөзге назар аудартты.

Ұлттық комиссия жұмысының маңызды бағытының бірі — отбасы құндылықтарын наисхаттау, әсіресе, жастар арасында, — деді Мемлекеттік хатшы.

Отырыста Бас прокуратура «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын жүзеге асыру қорытындысы жөнінде мәлімет берді. Жобаны іске асыру барысында Шымкенттің және Түркістан облысының әкімдіктерінде Отбасы, жастар және балалар істері жөніндегі басқармалар ашылған.

Шымкентте Медициналық психологиялық оңалту орталығы құрылды. Түркістан облысының 14 ауданында және Шымкентте халықты әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметтері ашылды. 2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша заң және әлеуметтік мәселелер бойынша консультация беріліп, 865 адамға психологиялық көмек көрсетілді.

Ұлттық комиссия отырысында  2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша Алматы облысының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде баяндама да тыңдалды. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 160 адам жұмысқа орналасып, 127 адам жолдама алған, 142 адам қайта даярлау курстарына қабылданды. Биылғы 10 ай ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 23 әйел пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде жалпы құны 763 миллион теңгеден асатын мемлекеттік қолдауға ие болды. Жастар ресурстық орталықтары жанынан Алматы облысының жас отбасыларды қолдау клубтары ашылды. Олардың жұмысы отбасы құндылықтарын қалыптастыруға және нығайтуға, ажырасулардың алдын алуға бағытталған.

Қоғамдық даму министрлігі Отбасыны дамыту мен қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасының жобасымен таныстырды. Онда отбасын құру мен дамытудың барлық кезеңіндегі ведомствоаралық кешенді жұмыс қарастырылған.

Басқосуда сонымен бірге 2018 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2019 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды. Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.