Астанада жас отбасылардың қатары 10%-ға артты

2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанада 5454 неке тіркелді. Бұл туралы Астана әділет департаментінің мамандары хабарлады. 

АХАТ органдары қызметкерлерінің мәліметінше, былтырғы осындай кезеңде 4960 неке тіркелген, яғни жас отбасылардың қатары 10%-ға артқан. Сарыарқа ауданы әкімдігінің АХАТ бөлімі жетекшісі Бақытгүл Шайкенованың айтуынша, қала тұрғындары бұрынғыға қарағанда ересек жасында некеге тұруға бел буа бастады. Соңғы 20 жыл ішінде некеге тұрудың орташа жасы шамамен 10 жылға өскен. Бүгінгі таңда елорда жастары жасы 25-тен асқанда отбасы құруды жөн деп санайды.

Қазір жастар мәселені барынша таразылап барып отбасын құрады. Бойжеткендер мен ер азаматтар есейген сайын балаларына, жанұясына көп көңіл бөлуге тырысады. Бұдан 10-20 жыл бұрын ата-аналар балаларымен өсетін. Егер 2000 жылдардың басында неке тұру жасы 20-21 жас болса, бүгін бұл көрсеткіш шамамен 7-10 жылға ұлғайып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғыда 25+ жасы кең таралған. Жастар көбіне 28-30 жасында некеге тұрады. Кейбірі тіпті 33 жасында үйленеді, — дейді Бақытгүл Шайкенова.

Қазіргі кезде ер азаматтар өзінен бірнеше жас үлкен бойжеткендерді жұбай ететін болған. Биыл өзінен 5-10 жас үлкен қызға үйленген жігіттер көп болған. Шетел азаматтарымен некелесушілер де жиілеген.

Көбіне бойжеткендер шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығады. Біздің қыздардың Африка елдерінің азаматтарын жар етіп таңдайтын жағдайлары аз емес. Таңғалатыны жоқ. Қазіргі кезде шекара ашық емес пе?! Біздің елдің азаматтары шетелге жиі шығып, жиі саяхаттайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстан жайлы жақсы білетін болды, — дейді АХАТ бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, ҚР «Неке және отбасы» туралы заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Кейбір себептерге байланысты жергілікті АХАТ органдары неке жасын екі жасқа ғана азайтады.