Гүлшара Әбдіқалықова: Қазақстанда 4 миллионға жуық әйел ауылда тұрады

Мемлекеттік хатшы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің І форумына қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Парламент депутаттары, Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нэльсон, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Диана Дигол, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл — алтын бесік, ауылдың амандығы — елдің амандығы» дегенін еске салды.

Ауыл — халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі, яғни ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып саналады, — деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанда 4 миллионға жуық әйелдің ауылда тұратынын атап өтті. Олар бүгінде мемлекеттік басқару органдарында кеңінен өкілеттік етіп жүр. Аудандық мәслихат депутаттарының 512-сі — әйел, бесеуі — аудан әкімі, 348-і – ауылдық округтер мен кент әкімі. Олар 60 мыңдай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын 40 мыңнан астам шаруа қожалығын басқарады. Былтырғы қорытынды бойынша олар жалпы құны 1,2 триллион теңгенің азық-түлігін өндірді.

Бүгінде 1,5 мың әйел Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша өз бизнесімен табысты айналысып отыр. Бағдарлама аясында 6 210 әйел бизнесті бастаудың қыр-сырын оқып-үйренді, оларға жалпы құны 735 миллион теңге болатын 174 несие берілді.

Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нэльсонмен кездесті.

Қазақстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың орнағанына 25 жылдан асты. Осы уақыт аралығында жалпы құны 7,5 миллиард еуро болатын 246 жоба қаржыландырылды. 2017 жылы Кеңейтілген серіктестік туралы негіздемелік келісімнің мерзімі ұзартылды. Кездесуде сындарлы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды. Осыған орай Үшінші жаңғыруды, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және Astana Hub ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін дамыту аясындағы өзара іс-әрекет мәселелеріне баса мән берілді.