Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Шымкентте болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен дүниеге келген мемлекеттік «Рухани қазына» бағдарламасының нақты нәтижелері қазірдің өзінде қомақты. Әсіресе, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі үлесі өлшеусіз. Таяуда «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу жобасы аясында Орал мен Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Шымкентке барып, мегаполис мәртебесіне ие болған қаланың тыныс-тіршілігімен танысты.

Алыстан ат арытып жеткен қос мектептің делегациялары алдымен Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетанушылық зерттеу экспедициясының ашылу салтанатына қатысты. Одан әрі жоспар бойынша экспедицияның «Ерлік» деп аталатын алғашқы бағыты аясында қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайды тамашалады. Мұражайда репрессия жылдары ату жазасына кесілген, жер аударылған қоғам қайраткерлерінің өмірі жайлы жәдігерлерді және «Ашаршылық» деректі фильмін көріп, ерекше әсер алды. Содан соң арнайы саяхат автобусымен Шымкенттің көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алды.

Экспедиция мүшелері өндіріс ошақтарында да болды. Атап айтқанда, оқушылар дәрі-дәрмек өндіретін «ЭкоФарм Интернейшнл» зауытының жұмысымен танысып, Шымкент аграрлық колледжінің мығым өндірістік базасына көз жеткізді.

Экспедицияға қатысушыларға рухани тәлім-тәрбие беретін бағдарлама да назардан тыс қалмады. Зияткер оқушылар Сайрам ауданында орналасқан ХІХ ғасыр сәулетінің ескерткіші, Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ана (Айша бибі) кесенелерін көзбен көріп, қазақ хандарының басын қосып, үш бидің елді бірлікке шақырған Мәртөбе тарихи ескерткішімен танысып қайтты. Экспедиция барысында оған қатысушылар ұлттық спорт ойындарынан жарысқа қатысты.

Жалпы, «Туған елге тағзым» — өскелең ұрпақтың бойында өз елінің әр тау-тасына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған жоба. 2012 жылы бастау алған жоба аясында еліміздің әр қаласындағы зияткерлік мектептердің 3 мыңға жуық оқушысы Қазақстанның түрлі аймағына саяхат жасауға мүмкіндік алды.