Алматыдағы мешіт имамдары салт-дәстүр, ұлттық құндылық пен ұлы тұлғалардың дін жайындағы еңбектері туралы білімдерін сарапқа салды.
Бірнеше кезеңнен өткен «Елтаным» атты сайысты «Үш байлық» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы дін істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Имамдар жарысының финалына Алматы қаласының дін істері басқармасының басшысы Айдар Есенбеков те келіп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін өнегелі сайыстардың маңызына тоқталды.
Еліміздегі білімді имамдарды дайындайтын жалғыз оқу орны Алматыда ғана бар. Сондықтан біздің имамдардың кәсібилігіне, діни біліміне күмәніміз жоқ. Дегенмен олардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға байланысты біліктілігін әлі де арттыруымыз керек. Оған бүгінгі шараның да қосатын үлесі зор. Өкінішке қарай, елімізде діннің атын жамылып, қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарып жүргендер бар. Міне, сондайларға қарсы шептің алғашқы қатарында тұратындар да біздің имамдар. Сондықтан олардың білімді болуы маңызды, — деді Айдар Есенбеков.
Алғашқы кезеңнен өткен 25 имамның арасынан қалалық кезеңге 8 үміткер жолдама алып, келесі бағыттарда бақ сынады: 1. Ұлттық салт-дәстүр мен ислам діні қағидаттарының үндестігіне қатысты білімін бағалау; 2. Қазақ даласына ислам дінін таратушы ұлы тұлғалардың еңбектерін білу деңгейі; 3. Уағыз барысында сайыскер тілінің әдеби нормаға сай тазалығын таразылау.
Дін басқармасының мақсаты — ұлттық салт-дәстүр мен ұлы тұлғалардың дін туралы еңбектерін жетік білетін дін қызметкерлері мен имамдар арасында сайыс өткізу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Қатысушылардың деңгейін дін мен дәстүрді жетік білетін ғылым докторлары мен ғалымдар анықтады.
Бас ұйымдастырушы Оразкүл Асанғазының айтуынша, имамдар — халықты ұйытып отырған қоғамның белсенді тұлғасы.
Ел арасында қандай жиын болса да, әуелі аталы сөз айтатын имамдарды іздейді. Сондықтан олардың дінмен шектелмей, дәстүрді, тарихты меңгеруі мерейлерін үстем етеді. Ана тліміз бен дінімізге қатысты ұсынысымды жандандырып, мұндай сайыстың еліміздегі ең үлкен мегаполис -Алматы имамдарының арасында өтуі өзгелерге өнеге болары анық, — дейді «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазы.
Қазылар алқасының төрағасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, филолог Керім Шамшадин, Алматы қаласы дін істері жөініндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков, «Үш байлық» бірлестігінің басшысы Оразкүл Азанғазы, абайтанушы, «Харекет», «Жақсы» кітаптарының авторы Омар Жәлел, тарихшы Ерке Қартабаева қазылық еткен «Елтаным» қалалық байқауының бас жүлдесі мен 300 мың теңге сыйақысын Алатау ауданындағы «Дінмұхаммед Қонаев» мешітінің бас имамы Мейіржан Кулсумаков жеңіп алды. Бірінші орынды (200 мың теңге) Жетісу ауданы «Сұлтан-Қорған» мешітінің азаншысы Мирас Қасымов, екінші орынды (150 мың теңге) Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің наиб-имамы Ернар Мәжен, үшінші орынды (100 мың теңге) Наурызбай ауданы «Қарағайлы» мешітінің наиб-имамы Темірбек Пернебекұлы иеленді.
Ал Орталық мешіттің наиб-имамы Қасым Әшімов пен Әуезов ауданы «Ақсай» мешітінің наиб-имамы Қуаныш Әбішев арнайы номинациямен марапатталып, 75 мың сыйақыға ие болды. Ерекше көрсеткіші үшін «Бекет ата» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Сабралиев пен Самат Рахымбаевқа 50 мың теңге табысталды.
Байқауға танымал әнші, өнерпаздар Елдос Қанаев, Айдар Тұрғынбек және Біржан Байзылханов жыр-терме айтты.