Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары барысынан хабар таратқан спорт журналистері ҰОК марапатымен бірге сыйақы алды. Бұл сыйақыны ҰОК президенті Тимур Құлыбаев тағайындаған.
Еске сала кетейік, Олимпиада барысынан хабар таратуға Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан аккредиттелген қазақстандық 24 журналист, бродкастерлер және Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан тіркелген 1 журналист мүмкіндік алған болатын. Ал Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев журналистермен Рио төрінде жүздескенде тілшілер жұмысын жоғары бағалап, спорт журналистерінің хабар тарату шеберлігіне ризашылығын білдірген еді. Өз кезегінде қазақстандық журналистер Рио-де-Жанейродан арнайы баспасөз орталығын ұйымдастырып, жұмыс істеу үшін жағдай жасаған Олимпиада комитетінің басшылығына алғыс айтқан болатын.
Бүгін Ұлттық олимпиада комитетінің Бас хатшысы Данияр Абулғазин мен Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков БАҚ өкілдеріне алғыс хат пен арнайы сыйақыны табыс етті.