Қазақ жастары үшін дәстүрлі дінімізден бас тартып, басқа дінді қабылдауы, яки радикал ұйымдарға қосылып кетуі ұлттың өркендеу үрдісіне кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан да әлеуметтік жаңаруда зайырлылық принципін алға тарта отырып жастардың рухани дүниесін зерттеу арқылы тәрбие жұмыстарын жүргізу маңыздылығы туындап отыр.
Бүгінгі жастарымыздың көзсіз көбелектей түрлі экстремистік ұйымның жетегінде кетуінің бірнеше факторы бар. Мысалы, жастардың өз тарихын, салт-дәстүрін толық білмеуі және діни сауатсыздық. Дегенмен қандай жағдай болмасын, өзінің тілін, ділін, дінін, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін білген адам мұндай келеңсіз құбылыстарға жол бермесі рас.
Дін атын жамылған, теріс пиғылдарын іске асырмақ болған экстремистер мен лаңкестерге қарсы тұру — қоғам мүшелерінің ортақ міндеті. Егер біз лаңкестердің лас әрекеттерінен тазарған әлемді көргіміз келетін болса, біздің күш-жігерімізді дәл осы мақсатта шоғырландыруға тиіспіз.
Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген еді. Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады. Ал дінаралық толеранттылық құндылықтарын бекіту және экстремизмнің алдын алу — ұлық, һәм аса маңызды іс-шара.
Ендеше, тақырыбымызға сай экстремизм идеясына қатысты проблеманың ең негізгі аспектілеріне тоқталғанды жөн көрдім, олар үшеу:
Шетелде білім алу мәселесі
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдарға дейін қазақ жастары Түркия, Пәкістан, Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливан, Ливия, Сирия, тағы басқа елдерге асып, діни білімдерін жетілдіріп келгені рас. Олардың біразы елге оралып, жемісті еңбек етіп те жүр. Алайда әр елдің өзіндік қалыптасқан салт-санасы, әдет-ғұрпы болатынын естен шығармауымыз керек. Өкінішке қарай, шеттен біліп алып келген дін мамандарының бойынан кейде дәстүрлік көзқарасымызбен санаспайтын жағымсыз құбылыстарды байқап қаламыз. Соның нәтижесінде қоғамда ойыңды сан-саққа жүгіртетін түрлі идеология көрініс тауып отыр. Дәлірек айтқанда, қай елде ілім алса, сол елдің тұрмыс салтына сай наным-сенімдерін тықпалауға тырысады.
Интернет ресурстары
Қазіргі таңда ғылым мен технологияның дамыған заманында баршамызға белгілі ақпарат тарату құралдарының кең тараған түрі — интернет желілері. Жастарымыздың басым бөлігі интернет желілері арқылы теріс идеологиялардың арбауына тез ілініп, қолшоқпары болып кеткендері аз емес.
Ендеше, осы интернет желілері арқылы мемлекеттің тікелей қолдауымен қолға алынып отырған бағдарламалар дер кезінде қолға алынып, дәстүрлі бағыттағы ислам ғұламаларының сарапатамалары арқасында көптеген жасымызды дәстүрлі емес жат ағымдардан алшақтатып, тәрбиелеу ісі қарқынды жүріп отыр.
Әлеуметтік желілер және ата-ана
- Әрбір ата-ана алдымен интернет желілерін өзі пайдаланып, әрдайым баласымен тығыз байланыста болуы керек.
- Баласынан әлеуметтік желідегі жеке аккаунтының құпия сөзі мен логинін алып, әрдайым кіріп қадағалап тұруы керек.
- Баланың парақшасына әрдайым кіріп, жазбаларына қарап, рухани дүниетанымын қадағалап тұруы керек.
- Парақшасында экстремистік және террорситік жазбалар болса, дереу психолог немесе дін маманымен хабарласуы керек.
- Баланың тіркелген бірлестіктерін қадағалауы керек. Әдетте, жат ағымдар түрлі бірлестік арқылы жастарды тіркеп, идеологиясын таратады.
- Е-islam.kz және Muftyat.kz сияқты сенімді сайттар мен бірлестіктерге тіркеліп, ресми мекемелермен тығыз байланыс орнату қажет.
- Діни сауалнамалар туындаса, сенімсіз бірлсетіктер, яки радикал бағыттағы арбаушылардан сақтану керек.
- Отандық ғалымдармен, мамандармен және сарапшылармен байланыс орнатуы керек.
Осылайша терроризм мен экстремизмге, оның таралуына тек құқық қорғау органдары емес, қоғам болып, үкіметтік емес ұйымдармен, Үкіметпен бірге жол бермеуіміз керек. Мұндай лаңкестік ұйымдармен санасы уланған адамды заңмен қудалап, сот шешімімен торға түсіргенмен олармен мамандар, теолог-сарапшылар жеке жұмыс істеп, оңалтумен айналысуы қажет.
Қорыта келгенде, жастар арасында лаңкестік пен экстремизмге және басқа да теріс ниеттегі ағымға қарсы иммунитет қалыптастыру арқылы кез келген жат идеологияның таралуына тосқауыл бола аламыз.
Серік Тәжібаев
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты,
Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі