Қазан айының аяғында Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ студенті Оралға келіп, осындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алатын замандастарымен кездесті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде және «Менің елім» атты тарихи-өлкетанымдық жобасы бойынша жолға шыққан делегацияның мақсаты – студенттер арасында еліміздің көрікті жерлері мен тарихи мұрасын дәріптей отырып, патриоттық тәрбие беруді нығайту, жастар арасындағы белсенділікті арттыру.
Елордалық студент жастар «Рухани жаңғыру» мұражайымен, облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен танысып, Махамбет университетінің ұжымымен кездесті. Астаналық қонақтарды М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов қарсы алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының басты жаңалығының бірі – келер жылдың «Жастар жылы» боп жарияланғандығы. Елбасы әр Жолдауында, мемлекеттік бағдарламаларында жастардың мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Мәңгілік елдің болашағы – білімді жастар десек, ол әрине, сіздерсіздер. Ел білімді ұрпағымен мәңгілік жасайды. «Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Патриот болу дегеніміз – өзіңнің ұлы даланың ұрпағы екеніңді мақтан ете білу» деп Елбасы айтқандай, сіздер де Ұлы даланың патриоты болып, алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, өздеріңіз білім алған оқу орнының, Қазақ елінің мерейін асқақтатып, биік жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін, — деді Әсет Тасмағамбетов.
Қонақтар Жайық өңірінен алған әсерлерін, жаңа достар тапқанын және екіжақты байланыстың көпке үлгі болатындай пайдалы бастама екеніне қанағатанатынын айтты.