Астананың 20 жылдығына арналған опера көрерменнің ықыласына бөленді

12-14 қазан аралығында «Астана Опера» сахнасында музыкалық өнердің жауһары Джоаккино Россинидің «Севилья шаштаразы» комедиялық операсының премьерасы болды.

Театрдың Астананың 20 жылдығына арналған жаңа маусымының көпшілік асыға күткен премьерасы көрерменнің зор ықыласына бөленді.

«Севилья шаштаразы» операсы театр репертуарындағы ең танымал комедиялық қойылым болды. Көрермендерге XVIII ғасырдың барлық сән-салтанатын көрсету үшін «Астана Опера» басшылығы қойылымды жүзеге асыруға итальянның атақты қоюшы режиссеры Альфонсо Антониацциді, қазіргі заманның көрнекті сценографы Эцио Фриджерионы және костюмдер бойынша суретші — «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноны шақырған.

Сценограф Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапино -қойылымның сәтті шығуына зор үлесі тиген мамандар. Біздің театр алғаш рет көрермендерге заманауи технологиялар қолданылған сценографияны ұсынды. Енді біз декорацияларды автоматты түрде басқара аламыз. Афишамызда әлемдік репертуардың інжу-маржаны «Севилья шаштаразы» комедиялық операсының болатыны — біз үшін үлкен абырой, — дейді «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

«Севилья шаштаразы» операсы үшін «Астана Опера» сахнасында Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған декорация элементтерін автоматты түрде алмастыратын жүйе жасақталған болатын. Компьютермен басқарылып, үлкен көлемді декорацияны қажет бағытта жеңіл қозғалтатын құрылғы театрдың жаңа технологиялық деңгейге көтерілгенін көрсетті.

"Севилья шаштаразы"
Фото: «Астана Опера» баспасөз қызметі

Қойылымның алуан түрлі сценографиясы көрерменді таңғалдырмай қоймады. Сахнада негізінен көк, ақ, сұр, алтын түстер басым болып, көлемді декорацияларды 4D-, 3D-проекциялар толықтырып тұрды. Ал әр бөлімде кейіпкерлердің көңіл-күйін көрерменге жеткізуде видеографика, анимация, ең бастысы, қоюшы дирижер Алан Бөрібаев бастаған шығармашылық ұжымның әуендері үлкен роль атқарды.

Мәселен, граф сүйіктісін Бартолоның қыспағынан шығарып алуға талпынған кезде нөсер жауып, арты найзағайға ұласады. Жала жабу көрінісінде 4D-проекция арқылы айтылған сөздің атылған оқпен тең екені суретпен көрсетіледі. Ал соңында атылатын отшашу алаңды алтын түске бояп жібереді. Отшашу құдды бір қуаныштың белгісіндей. Бұл көрініс сахнаға граф Альмавивтің сүйіктісі Розинамен салтанатты күймеге жегілген тұлпарлармен шыққан кезіне сәйкес келді. Қойылымның әрбір көрінісінен Эцио Фриджерионың нәзік стилі сезіліп тұрды. Ал бұл көріністердің барлығы көрерменді Россинидің әсем әуеніне қалықтай билеп жүргендей әсерге бөледі.

Заманауи технологиялардың арқасында Альфонсо Антониаццидің де сахнада түрлі ерекше режиссерлық шешімді қолдана алғаны айқын көрінді.

"Севилья шаштаразы" операсы
Фото: «Астана Опера» баспасөз қызметі

«Астана Опера» сахнасында қойылған комедиялық операның қазақстандық нұсқасында граф Альмавив партиясын Федерико Буттаццо, Дамир Сәдуақасов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапиндер, Бартоло партиясын Евгений Чайников, Евгений Шагаров, Александр Красиковтар, Розина партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстанның еңбек сіңірген артисі Әлфия Кәрімова және халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капоновалар, Базилио партиясын Арменияның халық артисі Барсег Туманян, Тайыр Тәжі мен Евгений Чайниковтар, Берта партиясын Татьяна Вицинская, Малика Минизинилер, Фиорелло партиясын Талғат Ғалеев, Ержан Саиповтер, офицер партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев және Шыңғыс Расылхан орындады. Ал Фигаро ролінде осы партияны 2015 жылы Веронадағы Filarmonico театрында орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин асқан шеберлікпен ойнады.

Асқан шеберлікті қажет ететін, баритон репертуарында ең қиын саналатын Фигаро партиясын орындау – мен үшін үлкен бақыт. Ең алғаш рет бұл партияны 2015 жылы Веронадағы “Филармонико” театрында орындағанмын. Сондықтан біздің жаңа қойылымға дайындық басталғанға дейін мен музыкалық материалдарды біліп отырдым. Еліміздегі қойылымның премьерасына қатысу үшін, осы кезеңмен қатар келген шетелдегі шақыртулардан бас тарттым. Біздің қойылым көрермендерге ұнады деп ойлаймын, – деді Сүндет Байғожин.

Сүндет Байғожин
Сүндет Байғожин. Фото: «Астана опера» баспасөз қызметі

Сонымен қатар операның қоюшы режиссеры Альфонсо Антониоцци мен сценограф Эцио Фриджерионың талап етуімен қойылым үшін Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған декорация элементтерін автоматты түрде алмастыратын жүйе жасақталған.

Мамандар компьютермен жылдам басқарылып, үлкен көлемді декорацияны қажет бағытта жеңіл қозғалтатын жаңа тетік құрастырды. Бұл театрдың жаңа технологиялық деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр. Жалпы сценографияда көк, ақ, сұр, алтын түстер басым, декорациялардың көлемі үлкен және оларды 4D, 3D-проекциялар толықтырды. Видеографика, анимация да қойылым барысында көп қолданылды. Көрермендер сахнадан әсерлі қала көріністерін, аркалар мен боран, жаңбыр, гүлдеп тұрған бақ сияқты табиғат құбылыстарын бақылады. Жалпы реквизиттер өте көп болды. Бутафорлық цех шеберлері көрерменді бір сәтке XVIII ғасырдың атмосферасын сезіндіру үшін шкафтар, ыдыс-аяқ, әшекейленген құмыралар, шырағдандар, кітаптар, сиясауыттар, шаш бұйралауға арналған қысқаштар, ұстара, париктерге арналған қойғыштар, тіпті арнайы музыкалық аспаптар әзірледі. Әр сахнаның өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар. Мәселен,  солардың бірі – салтанатты күймеге жегілген тұлпарлардың ортаға шығуы. Мұның барлығы көрермендерді таңғалдырмай қоймады, – деді Виктор Караре.

Ал итальян режиссеры Альфонсо Антониоцци қойылымды музыка мен либреттода Дж.Россинидің «Севилья шаштараз» комедиялық операсының түпнұсқасын сақтауды мақсат еткенімен өз тарапынан жаңашылдықтар да енгізген екен.

Біздің қойылымда Севильяға енді қоныс аударып жатқан Бартоло көрсетіледі. Сондықтан кейіпкердің үйі жөндеу аяқталып жатқан кейіпте, іші шабадандарға толы. Бұл көрініс – өзге қойылымдарда көрсетілмеген элементтердің бірі. Бартолоны көптеген режиссер ақымақтау етіп көрсетеді. Ал либреттода біраз жасы келіп қалған егде адам болғандықтан өзгелерден күдіктеніп жүретіні болмаса, ақымақ емес екені айқын жазылған. Сәйкесінше, мен оның жағымды қырларын көрсетуге басымдық бердім. Бірақ негізінен көрермендердің назары қойылымдағы әрекеттердің барлығының бастауында тұрған Фигарода болды деп ойлаймын, – деді режиссер.

"Севилья шаштаразы" операсы
«Севилья шаштаразы» операсы. Фото: «Астана опера» баспасөз қызметі

Опера комедия жанрында жазылғандықтан Альфонсо Антониоцци қазақстандық артистердің алдына тек ойнау емес, көрерменді күлдіру міндетін де қойған.

“Севилья шаштаразы” – Римдегі шағын “Аргентина” театры үшін жазылған қойылым. Сондықтан мұндағы әрбір кейіпкердің өзіндік мықты мінезі бар. Олар бір қалыптың ішіндегі қатып қалған емес, өзгені де, өздерін де күлкіге қарқ қыла алатын адамдар. Себебі композитор оларды ойдан шығармаған. Олар өзіміздің арамыздан, күнделікті өмірде көріп жүрген адамдар негізінде пайда болған кейіпкерлер болғандықтан арасында нақты бір жағымды немесе жағымсызы жоқ. Россини кейіпкерлер арқылы көрермендерді тәрбиелеуді емес, күлдіруді мақсат еткен, яғни бүгінде де өзінің маңызын жоймаған өсек-аяң, біреуге қастық әрекет жасау, адамдарды бір-біріне айдап салу сияқты қоғам дертін көрсетеді, – деді қоюшы дирижер Алан Бөрібаев.

Россинидің “Севилья шаштараз” комедиялық операсының қазақстандық нұсқасында Граф Альмавива партиясын Федерико Буттаццо, Дамир Сәдуақасов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин орындайды, Бартолоны Евгений Чайников, Евгений Шагаров, Александр Красиков, Розинаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстанның еңбек сіңірген артисі Әлфия Кәрімова және халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова, Базилионы Арменияның халық артисі Барсег Туманян, Тайыр Тәжі мен Евгений Чайников, Бертаны Татьяна Вицинская, Малика Минизини, Фиореллоны Талғат Ғалеев, Ержан Саипов, офицерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев және Шыңғыс Расылхан орындады. Фигаро ролінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин.

"Севилья шаштаразы" операсы
«Севилья шаштаразы» операсы. Фото: «Астана опера» баспасөз қызметі

Джоаккино Россинидің еңбегіне қойылып жатқан операдағы алғашқы тәжірибем. Сондықтан композитордың стилін түсіну үшін Германияға тағылымдамаға арнайы барып, итальянша ән салудың қыр-сырын үйреніп келдім. Бартоло – негізі салмақты адам. Алайда айналасындағы жағдайларға байланысты әрдайым шытырман оқиғаларға араласып, күлкі болып қала береді. Мен бұл рольді сомдайтынымды білмей тұрған кездері интернет арқылы Бартолоның ариясын үйренгенмін. Сол кезде менің тыңдап жүрген жазбамның авторы біздің режиссер Альфонсо Антониоцци болғанын білгенде таңданғаным рас, – деді Евгений Чайников.

Салтанат Ахметованың айтуынша, Розина бүгінгі жасөспірім қыздарға қатты ұқсайды. Себебі ол да – үлкендер тарапынан тым көп қамқорлық көрген қарапайым қыз.

"Севилья шаштаразы" операсы
«Севилья шаштаразы» операсы. Фото: «Астана опера» баспасөз қызметі

Менің кейіпкерім тәрбиелі, нәзік, жылы жүзді. Алайда керек кезінде өз-өзін қорғай алатын, керек болса, тапқырлығының арқасында қулығын іске асыра алады. Мен дайындық кездерінде режиссердың құнды кеңесін тыңдап, өз кейіпкерімді сомдаудан тек ләззат алдым. Бұл қойылымда акробатикалық сәттер жоқ, бірақ Альфонсо Антониоццидің шкафтармен, есіктермен жасаған қызық дүниелерін көресіздер, – деді жетекші солист.

«Севилья шаштаразының» премьерасын үш күн бойы тамашалаған Астана тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері, музыка сыншылары труппаның шеберлігіне жоғары баға берді.

                                                                                                     Айнұр Марат