ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік қызметшілер арасынан кімдердің жалақысы көтерілетінін түсіндірді.
Бюджет ұйымдары жұмысшыларының еңбекақысын жоғарылату туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан еді.
Жалақының көтерілуі қатардағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің бір бөлігі, шынында да, ең төменгі жалақы — 28 мың 400 теңге деңгейінде айлық алып келді. Президенттің жалақыны 1,5 есе, яғни 42 мың теңгеге дейін көтереміз дегеніне байланысты енді олар үстемеақы алады. Олар — ең қатардағы қызметшілер, әсте министрлер, министр орынбасарлары, депутаттар емес. Бұл тек бюджеттік сфера жұмысшыларына — мұғалімдерге, кеңсе қызметкерлеріне, іс жүргізушілерге, ауруханадағы тазалықшыларға қатысты. Президент Жолдауы соларға бағытталған, жоғары кабинеттерде отыратын министрлерге немесе шенеуніктерге емес, — деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысының сыртында.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары үшжылдық республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады.