Ішкі туризм ілімін игере аламыз ба?

Қазақстандағы Туристік ұйымдар қауымдастығының өкілі Айдар Кенжеғұловтың айтуынша, ішкі туризм дағдарыс кезінде шығынға ұшыраған салаларға дем беріп, дамыта алатын ел экономикасының локомотивіне айнала алады.

«ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына да аз қалды. Бұл жоба елдегі ішкі туризмнің қалыптасып, дами бастауына негіз бола алады. Осы орайда келген қонақтарға тек шараның өзін ғана емес, Қазақстанның мақтанышына айналған Бурабайды да көрсету қисынды болар еді. Оның үстіне, Бурабай туристер легін қызықтырудың негізгі нүктелерінің бірі ретінде Қазақстанның туризмді дамытудың жүйелік жоспарына еніп отыр», — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, сыртқы туризммен салыстырғанда, ішкі туризм халықтың көп бөлігі үшін қолжетімді және қауіпсіз.

Алайда мамандар Түркия немесе Дубайға ұтылып отырған ел ішіндегі демалыс орындарының кемшіліктері бұл саланың дамуына тұсау болып отыр дейді. Қазақстандық көрікті орындар мен курорттық аймақтар туралы ақпараттың Интернетте аз жарияланатынынан бастап, туристік нысандардың инфрақұрылымының, оған апаратын жолдардың нашарлығы, адам жанына қажетті ас-су, жатын орын секілді қажеттіліктердің дұрыс қарастырылмағандығына дейін отандық саяхатшының бетін қайтарады.

Қазақстандық туристік қауымдастықтың президенті Роза Асанбаева өз сұхбаттарының бірінде: «Бізде бәрі қымбат. Қазақстандықтардың өзіне кейде Бурабай немесе Алакөлге барғаннан гөрі шетелге шығып келген арзанырақ түседі. Отандастарымыздың осы елде демалғанын, ақшаларын Қазақстанда қалдырғанын мен де қалаймын, әрине. Бірақ ол кем дегенде инфрақұрылымды дамыту керек», — деген болатын.

Туризм саласының сарапшысы Айдар Кенжеғұлов туризмді дамытатын үш бағыттың (әсем табиғат, тарих пен мәдениет ескерткіштері және ұлттық сәлт-дәстүр) үшеуі де Қазақстанда бар деген пікірде. Алайда әзірге оны толыққанды туризм «тауары» ретінде ұсына алмай отырмыз.

Мамандар ЭКСПО-2017 қарсаңында түрлі бағдарламалар арқылы мемлекет қолдауына ие болған бизнес өкілдері, инвесторлар ішкі туризмнің дамуына белсене араласуы керек деген пікірде.

«Ішкі туризмнің дамуы үшін кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер, салық салмағын жеңілдету, субсидиялау, тиімді түрде несиелендіру драйвер бола алар еді», — дейді Айдар Кенжеғұлов.

Оның ойынша, мемлекет инфрақұрылым, жолдар мен желілер салуды өз мойнына алса, бизнес өкілдері ірі туристік жобаларға қызығушылық танытады.

Мемлекет те, коммерциялық құрылымдар да қуатты туристік инфрақұрылымның қалыптасуына қажетті барлық іс-шараны қолға алуы керек. ЭКСПО-2017 осы бағыттағы негізгі қозғаушы күшке айналуы мүмкін. Өйтпеген жағдайда көрме қонақтары кеткен соң туристер үшін жасалған жағдайдың бәрі бекер желге ұшқан болады.