Басты бетЖаңалықтарАуданда "Рухани...

Ауданда «Рухани жаңғыру» жобаларының іске асырылу барысы қаралды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Батыс Қазақстан өңірінде белсенді іске асырылып жатыр. Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында аталмыш бағдарлама аясында 141 шара ұйымдастырылған. Бұл туралы аудан әкімі Абат Шыныбеков өткізген кеңесте белгілі болды.

Аудан басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі «Туған жер», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім», «Ауыл — ел бесігі» атты арнайы бағдарламаларды талдап өтті. «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық жобасы аясында 2009-2017 жылдары құны 150 миллион 470 мың теңге болатын 63 жоба жүзеге асырылған.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирбол Адайәлінің айтуынша, тек биылғы 9 айында жалпы құны 87 миллион 750 мың теңге болатын 41 жоба іске асырылған. Оның ішінде 17 жоба жоспардан тыс жасалып отыр. Жыл аяғына дейін болжамды құны 110 миллион 350 мың теңге шамасындағы 44 жобаны іске асыру көзделіп отыр, яғни балаларға ойын алаңдарын салу, техникалық су өткізу, ауылдың көшелерін абаттандыру, саябақтар мен алаңдар құрылысы, жаяу жүргінші жолдарын төсеу жұмыстары жүргізілмек.

Бүгінде 12 ауылдық округте «Түлектер форумдары» оздырылып, оған 10 мыңнан астам адам қатысқан. Ауданның Қошанкөл, Бостандық, Талдыапан, Ақпәтер, Қайыңды, Тереңкөл, Бірлік, Қарасу, Көктерек, Қараөзен, Қазталов ауылдық округтерінде жол белгілері, жарық диодты композициялар ашылса, Жалпақтал ауылдық округінде жалпы құны 24 миллион теңге болатын саябақ, заманауи спорт алаңы, «Батырлар алаңы», С.Ғұмаров ескерткіші ашылған. Талдыапан, Тереңкөл ауылдарында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған монументтер бой көтеріп, Бостандық ауылында «Өлкетану» музейі ашылып, қоғам қайраткері Қабира Салыққызының бюсті орнатылды. Әжібай ауылында ағайынды Сралиевтердің бастамасымен 15 миллион теңгеге фльдшерлік-акушерлік пункт салынды.

Отырыста ауылдық округ әкімдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылға жоспарланған жобаларын қорғады. Аудан әкімі осы жылдың жобаларын уақытында аяқтауды тапсырды.