Жұмыс күші аз өңірлерге көшіп барғандарға баспана беріледі

Өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша биыл 458 мың адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.

Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, жаңа шаралармен толықтырылады. Биыл оны іске асыруға 112,9 миллиард теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамтуға тарту жоспарланып отыр.

Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 82,5 миллиард теңге игерілген. Қазандағы жағдай бойынша қолданыстағы бағдарламаны іске асыру 563 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға мүмкіндік берді, бұл жылдық жоспардың 99%-ы болды. Олардың ішінен 458 мың адам жұмысқа орналасты, оның 327 мыңы немесе 71%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, — деді министр Мәдина Әбілқасымова.

Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жаппай оқытуды көздейді. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың жас адам оқуға кірісті, бұл — жылдық жоспардың 99%-ы. Мәдина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, қазандағы жағдай бойынша 40 мыңға жуық адам қысқамерзімді оқытуға жіберілді, бұл — жылдық жоспардың 107%-ы. Жалпы республика бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Ауылдарда және қалаларда шағын несие беру аясында қазандағы жағдай бойынша 42 миллиард теңге, оның ішінде ауылдарда 31 миллиард теңге және қалаларда 11 миллиард теңге игерілді.

Министр жыл басынан бері барлығы 9 801 шағын несие берілгенін айтты. Шағын несие алғандар қосымша 9 117 жұмыс орнын ашты. Шағын несиелерді соңғы қарыз алушыларға жеткізуді тездету үшін мемлекеттік бағдарлама жобасында бірқатар өзгеріс қарастырылып отыр. Олар: ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері  5000-нан 8000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойылатын талаптар жеңілдетілді, бағдарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толықты.

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына қабылданды, оның ішінде 22 мың адам (125%) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 26 мың адам жастар практикасына (123%) және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді (107%). Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Министрдің мәліметінше, жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 1 488 отбасы немесе 4 925 адам солтүстікке қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2523 адам қатарынан 1424 адам жұмысқа орналастырылды, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысып жатыр.

Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшу кезінде қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету — маңызды фактор. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламада жұмыс берушілердің қатысуымен өңірлерге қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу тетігі әзірленген. Бұл тәсіл алдымен Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өткізіліп, кейін басқа өңірлерде қолданылады, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Бүгінгі таңда бюджеттен осы мақсат үшін 2019-2021 жылдарға 15 миллиард теңге бөлу көзделген. Соның арқасында алдағы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген 3000-ға жуық отбасыға тұрғын үй беріледі.