Енді еңбек кітапшасының қажеті болмайды

Қазақстанда еңбек кітапшасынан бас тартылады. Елімізде біртіндеп e-HR жүйесі енгізілгелі жатыр. 2019 жылдан бастап еңбек келісімшарты онлайн-режимде жүргізіледі.

Қазіргі уақытта жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы іскерлік құжаттарды жүргізудің осындай амалы өте маңызды. Себебі олардың біршама бөлігі қашықтықта жұмыс істейді. Жуық арада адамдарға жұмысқа тұру үшін жеке куәлік қана қажет болады. Қалған құжаттар дерекқорда сақталады, — деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгінде бұл қызмет жаңартылған Enbek.kz сайтының ең көп кездесетін түріне айналған. Электрондық еңбек биржа базасында цифрлық форматтағы жұмысшы профилін енгізу жүйесі мен еңбек келісімшартының есебі құрылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жұмыс берушілерге жеке электрондық істерді құруды ұсынады. Жұмысқа тұру кезінде адамдар құжаттар пакетін ұсынған кезде олардың ЖСН нөмірі арқылы бірден жеке мәліметі өңдеуге жіберіледі. Жұмыс беруші тексерілген электрондық ақпаратты, яғни цифрлық жеке істі ала алады. Ары қарай онлайн режимде жұмысшының құзыретін растауға болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышевтың айтынша, мұндай амал қағаз жүзіндегі әурені жоюға, еңбек кітапшаларынан бас тартуға көмектеседі.

Осы жүйе жүзеге асқан жағдайда қазақстандықтар жұмысқа тек жеке куәлікпен кіре алатындай жағдай жасалады. Диплом және медициналық анықтама секілді басқа да құжаттар мәліметтер базасында сақталады. Біз құжаттарды рәсімдеу жұмысын жеңілдетіп, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы өзара қарым-қатынасты электрондық форматқа ауыстырғымыз келеді. Мәселен, егер адам жұмыстан шығып қалса, автомат түрде оны электрондық еңбек биржасына шығара аламыз, — дейді Нариман Мұқышев.

Іске асырылатын жүйенің тиімділігін тексеру үшін пилот жоба биыл бүкіл Қазақстанда басталып кеткен. 2019 жылы электрондық еңбек келісімшартына толық көшу көзделіп отыр. Enbek.kz сайтында өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін электрондық тіркеу жүйесі енгізіледі.

ДереккөзEgemen.kz