«Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы Қазақстанда жол-көлік оқиғалары жылдың қай мезгілінде көп болатынын анықтады.
Елімізде жыл сайын орташа есеппен 18 мың жол-көлік оқиғасы болып, 2500-ге жуық адам қаза табады. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметіне сүйенген сақтандыру саласы мамандарының мәліметінше, 2017 жылы жол апаттары күзде көп тіркелген — 4943 оқиға. Жаз айларында 4846 оқиға тіркелген.
Жол-көлік оқиғаларын айға бөліп қарағанда, апаттардың тамыз айында жиі болғанын көруге болады. Былтыр бұл айда 1811 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қыркүйекте 1714, қазанда 1760 оқиға болған.
Жол-көлік оқиғалары Алматыда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында көп болған. Сақтандыру компаниясының мәліметінше, жолдағы төтенше оқиғаларға көбіне маневр жасау ережесін бұзу, жылдамдықты асыру, жаяулардың ереже бұзуы, көлік жүргізушілерінің рульде ұялы телефон қолдануы, көліктің қозғалыстың қарсы бағытына шығып кетуі сияқты жағдайлар себеп.