Басты бетЖаңалықтарАтырауда халықаралық...

Атырауда халықаралық оркестрлер фестивалі өтті

Атырауда 3 күнге созылған халықаралық оркестрлер фестивалі аяқталды. Фестивальдің гала-концертін 1000-ға жуық адам тамашалады.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, музыка мерекесіне Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден және еліміздің әр облысынан 600-ден аса өнер иесінен құралған 15 оркестр қатысты.

Халықаралық фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Гала-концертке Асанәлі Әшімов, Ұлықбек Есдәулет, Қатимолла Бердіғалиев, Жүрсін Ерман, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева сияқты өнер қайраткерлері қонақ болып қатысты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандар алдында сөз сөйледі.

Атырау аспанын, Ақжайықтың жағасын күй күмбіріне бөлеген Құрманғазы бабамыз атындағы xалықаралық оркестрлер фестиваліне келген барлық қонаққа атыраулықтар атынан ризашылығымды білдіремін. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Әркім өзінің туған жерін, өлкесін жетік білуі керек. Туған жерден елге деген маxаббат оянады, елге қызмет ету намысы оянады» деген болатын. Әр үйдің төрінде тұратын домбыраның арқасында еліміздің өнері, дәстүрі, мәдениеті бүгінге дейін жетіп отыр. Өнеріміз берік кезде мәдениетімізді, дәстүрімізді тани біліп, дәріптеп, әлемдік жаһандану заманындағы жастарымыздың бойына руx сіңіре отырып, елін, жерін, қорғайтын азаматты өсіруде сіздердің атқарып жүрген еңбектеріңіз зор. Өз өнерлеріңізге адалдық танытып келесіздер, қатарларыңыз көбейсін. Біз өзімізге жүктелген лауазымдық міндетке сәйкес осы шараларды ұйымдастырамыз. Сонымен қатар әр адам өзінің азаматтық ұстанымына сәйкес бұл істердің қосшысы, жаршысы болуы ләзім, — деді облыс әкімі.

Атырау халықаралық оркестрлер фестивалі
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Шараның басты мақсаты — ұлы күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының мұрасын насихаттау. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған айтулы шара көптің көңілінен шықты.

Барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Бізді ұйымдастырушылар қалаға келгеннен бастап жақсы күтті. Фестивальдің өту барысы да ұтымды қарастырылған, бір-біріне достығы мен жарасымы сақталған мемлекеттерді жинаған. Алғаш рет ұлттық деңгейдегі халықаралық фестивальге қатысып отырғанымыздың өзі — біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ аспаптарының өзіндік ерекше үні бар. Домбыраны тыңдағанда ерекше күйде боласың. Тек аспаптар мен тембрімізде өзгешелік болмаса, музыкада жанымыз бір, — дейді Ресейдің халық артисі Александр Мостыканов.

Атырау халықаралық оркестрлер фестивалі
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Шара соңында облыс әкімі елімізге танымал дирижерларды «Фестиваль лауреаты» атағымен марапаттады.