Қазіргі әйелдер бала тәрбиесінде нені ескермей жүр?

Жат діни ағымға кіріп кеткен әйелдерді қалай тануға болады? Қазіргі әйелдер бала тәрбиесінде нені ескермей жүр? Секталар әйелдерді қалай арбайды?

Baribar.kz қойған бұл сұрақтарға Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жобаларды іске асырушы «Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының теологы, исламтанушы Гауһар Мамырбаева жауап берді.

Мен қордың жұмысына тамыз айында кірістім. 2 айдың ішінде қор қызметкерлерімен бірге 35 мешітке барып дәріс оқыдым. Алматы мешіттерінде әйел жамағатына салт-дәстүрді шариғатпен байланыстыра отырып, әйел тәрбиесі, бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар туралы дәріс өткіземіз. Соңғы семинар «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде өтті. Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз туралы айта алатын тұлғалармен де кездесу ұйымдастырамыз. Орталық мешітке Зейнеп Ахметова апамызды шақырдық, ол жамағатқа ұлттық құндылық туралы айтып, мешітке жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

Дін мен дәстүрдің байланысы қандай?

Екеуі де адамды тәрбиелеуге бағытталған. «Әл-Худжурат» сүресінің 19 аятында Алла Тағала адамарды бір ер, бір әйелден және ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқаны жазылған. Олар бір-бірімен араласып, сыйластықта, татулықта, бейбітшілікте өмір сүрсін делінген. Біздің мақсатымыз — қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанып, шариғаттан асып кетпеу туралы дәріс оқу. Соның ішінде қазіргі өте өзекті мәселе — қыз тәрбиесі. Ата-бабамыз қыз тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Себебі ол – бір әулеттің тірегі, ұрпағын дүниеге әкеліп, тәрбиелейтін жан. Қазақтар ұлына жар іздегенде қызды білу үшін, бірінші оның туып-өскен жері мен ошағын көрген. «Анасына қарап қызын ал, ыдысына қарап асын іш» деген сөз осыған дәлел болса керек. Қыз жарымен немесе енесімен келіспей қалса оған ең бірінші ақыл айтатын да анасы. Айттырып барған үйдің қызының мінезін таққан шолпысының сыңғырынан білген. Қазіргі жастарда қалай? Үйленгенге дейін қандай амал жасайды? Қазіргі жастардың танысуының өзі — жатқан шығын. Қыздар тырнағын, кірпігін, шашын жөндемей кездесуге шықпайды. Бәрі демеймін, көпшілігі сондай. Біз түріктің немес арабтардың мәдениетіне, салт-дәстүріне мұқтаж емеспіз. Біздің бесіктің өзінде қанша тәрбие, өнеге жатыр. Шетелдіктер оған қызығып «дәретханасының өзі ішінде екен ғой» деп арнайы тапсырыс береді екен.

Баланы тәрбиелеу мен бағу

Бұрын әжелеріміз сүре, дұға оқып отырып, бала емізетін болған. Анасы ұлы Абайды дәретсіз емізбеген. Ал қазіргі әйелдердің мақсаты «бала тездетіп ұйықтап қалса екен, өзім бір жұмысымды бітіріп алсам екен» деген ниетпен жүреді. Ол баланың тәрбиесіне әсер етеді. Өйткені әрбір амал ниеттен басталады ғой. «Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Біз баланы «тәрбиелеп жатырмыз» деп емес, «бағып жатырмыз» дейміз. Оларға қажетін тауып беруді, жақсы киім кигізуді парыз санаймыз да, одан да маңыздысын кейінге қалдырамыз.  Қазір күйеулерін сыйламайтын, сөзін тыңдамайтын әйелдер көбейіп барады. «Әйел баласының патша болғанын қаласа, ерін сыйласын» деген даналық тағы бар екенін көбінде назарға алмайтын жас келіншектер қатары күннен күнге артып жатыр.

теолог
Гауһар Мамырбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біреудің қаңсығы бізге неге керек?

Қазіргі жастар еліктегіш қой, көп нәрсенің байыбына бармай тез еріп кетеді. Мен бір қыздарды білемін. Намаз оқымаса да, орамал тағады. Ол жақсылыққа апармайды. Уақытша нәрсе ғой. Олар тек бастың көзімен қарайды. Қазақта «Біреудің қатыны біреуге қыздай көрінеді» деген сөз бар. Енді тереңірек жүрекке баратын болса, ол — біреудің қызы, біреудің әйелі. Нағыз иман жалтыраған киімде емес, жүректе. Қазіргі жастар араб тілін үйренуге құмар. Тіл үйренген жақсы ғой. Бірақ қандай да бір қадамға бармас бұрын терең ойланса екен деймін. «Араб тілін білгім келеді» деп емес, «Құранды үйренсем екен» деп ниеттенсе жақсы болар еді. Арабтар да біз сияқты адамдар ғой. Олардың бәрі бірдей күнде Құран оқып, ғалым болып жатқан жоқ. Олардың да ішінде тек байлықты көздегендері бар. Пышақпен нан турауға да, адам өлтіруге болатыны сияқты. Кез келген нәрсені екіжақты ойлау керек.

Пайғамбардың кезінде бір еркекте 4 әйелден болса, оның төртеуіне бірдей сыртқа шығуына тыйым сала алмайды ғой. Ер адам әйелдерімен бірге көшеге шыққанда қызғаныш болмауы үшін барлығының бетін жауып жүрген. Сондықтан паранджа киюге рұқсат етілген. Бірақ ол парыз емес. Ал біздің паранджа киюіміз — пәкістандықтарға еліктеушілік. Сол жақта 1-2 ай тұрғандар олардың қаңсығын бізге алып келеді. Сауд Арабиясында әйелдердің барлығы дерлік көзге түспеу мақсатында қара киім киеді. Соны көріп алған біздікілер Қазақстанда қара киім киіп жүруді әдетке айналдырды. Түсінемін, оны арабиялықтар көзге түспеу мақсатында кисе, бізде керісінше ғой. Ол біздің қоғамның назарын аудармай қоймайды. Бұл — сол жердің өз салты. Ол Қазақстанда үрей туғызбаса, жақсы әсер етпейді. Шетелге барғандар олардың жақсы әдеттерін алып келсе екен. Мысалы, Түркияға барғандар түрік әйелдерінің ерін қаншалықты құрметтейтінін көріп, үлгі алып келсе жақсы болар еді.

теолог
Гауһар Мамырбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Деструктив діни ағымдағы әйелдер қандай болады?

Ең бірінші, сөйлеген сөзінен білуге болады. Олар көбіне агрессив келеді. Артық сұрақ қойсаң, бірден ренжіп, ашуланып шығады. Тек Құранмен ғана сөйлегісі келеді. Қазақтың салт-дәстүрін менсінбейді. Олар тек күйеуін ғана сыйлауды біледі. Туысқандарымен, көршілерімен мүлдем араласпайды. Мұндай қыздармен жұмыс істегенмін. Олар қазір бұрынғыдай емес, жақсы болып қалды. Орталарында боламын. Әйелге ер адам көбірек ықпал жасайды. Деструктив ағымдағы жігіттер қыздармен танысқанда бастапқыда ештеңесін білдірмейді. Басында бәрі жақсы болады, некеге дейін асты-үстіне түсіп, жақсы адам кейпінде болады. Некеге отырып, отбасы болғаннан кейін күйеуі қылық шығара бастайды.

Мен қызы деструктив ағымдағы жігітке тұрмысқа шыққан апамен сөйлестім. Қызы түн ортасында қоңырау шалып, отбасында болып жатқан келеңсіздіктерді күйеуінен қорқып, айта алмайды екен. Бірақ апа қызының дауысынан, кейбір сөзінен күйеуінен қорлық көретінін түсінген. Мен «Қазақтың салты бойынша, әулеттің үлкендері болып жиналып, құда-құдағимен байланысып, неге бармайсыздар?» дегенімде, құда-құдағиларымен араласпақ түгілі, танымайтын болып шықты. Сөйтіп, ол кісіге қызының отбасына дін істері жөніндегі басқарманың өкілімен бірге баруға кеңес бердім.

теолог
Гауһар Мамырбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жат ағымдағы әйелдер баласын қалай тәрбиелейді?

Жат ағымға кіріп кеткен әйелдердің өте қауіпті болатын себебі — олар бала тәрбиесімен айналысады. Әйел қанша құрсақ көтерсе, оларды тәрбиелейтін де — сол әйелдер. Олар кейін балаларына көп тыйым сала бастайды, ондай тәрбие көрген баладан саналы азамат шықпайды. Сондықтан бала тәрбиелеу үшін, адам бірінші өзін тәрбиелеп алу керек. Олардың көп қолданатын сөздері: бұл харам, анау болмайды, мынау болмайды. Екі сөзінің бірі — харам. Халалды да, мәкрүһті де харамға айналдырады. Бірақ  ол шариғатта бөлінеді ғой, болмайды деп айтқанымен кешірілетіні де жазылған. Қандай күнә болса да кешіріледі. Тек шын ниетпен кешірім сұрай білу керек.

Адамдар қалай жат діни ағымның жетегіне еріп кетеді?

Адамдар жат діни ағымға мұқтаждықтан кіреді. Көшеде кез келген жерде ілініп тұрған тегін курстардың жарнамасы да жат діни ағымға жол ашуы мүмкін. Мысалы, “Иегова куәгерлері” деген діни бірлестіктеріне адамдар ағылшын тілін тегін оқимын деп кіріп кетеді. Тілді 1-2 ай тегін оқытады. 4-5 айдан кейін өздерінің дінін ағылшынша айта бастайды. Үйреніп қалған адам қызығып, солардың ортасында қалып қояды. Бұрын “жетім бұрыш” деген пәтер өткізушілердің тұратын орны болған. Ол неге жетім бұрыш деп аталатынан хабарам жоқ. Бірақ талай тағдырларға пәтерлі болуына өз ықпалын тигізген орын екені Алматы қаласының халқына аян. Осыдан 10 жыл бұрын, осы бұрыштан жалдамалы пәтер іздеп жүріп бір әйелдің жан айқайына куә болдым. Сұхбат барысында маған “Сен мұсылмансың ба? маған көмектесе аласың ба? деп тұтқиылдан сауал қойып менің ет жүрегімді елжіретіп жіберді. Әлбетте мұсылман болған соң аянышты кейіп танытып тұрған адамға бар білген кеңесімді, қолымнан келген көмегімді аямауға тырысып, жанына тыныштық бермей жүрген мәселесін ортаға салуын сұрадым. Бұл әйелде маған ағынан жарылып басынан кешкен бар шындығын жайып салды. Әңгіме барысында күйеуімен ажырасып кеткені, ол күйеуінен 1 ұл, 1 қызы бар екені белгілі болды. Күйеуінен ажырасып кеткен жалғыз басты ана балаларын қалай бағарын білмей жүргенде, кездейсоқ жандармен танысып олардың жанашыршылық кейіп танытқанына сеніп, сол адамдардың айтқанына еріпті. Нәтижесінде тегін ақша, тегін тамақ беріп балаларын өз діндерінің жақтаушысы етіп, туған аналарына қарсы қойып, баспаналарын бірлестіктің меншігіне аударуға әрекет жасап жатқандары белгілі болды. Енді шарасыз қалған ана кімге барып айтарын білмей менен балаларын өзіміздің дәстүрлі дінімізге қайтаруды өтінді. Балаларынан айырылған ана бұл жағдайға материалдық мұқтаждықтан және ниеті түзу болмағандықтан барғанын және өзініңде кінәсі бар екенін жасырмады. Ойланып қарасаңыз жетімдік пен жесірлік әр тағдырдың басында кездесетін құбылыс. Мен осы құбылысты жан дүниеммен түсініп, барынша көмектесуге тырысып балалармен кездесуге бел будым. Кездесу кезінде балалар өз дінін былай қойғанда туған тілінде, ұлтының да кім екенін ұмытып қалған. Тіпті сол дінді жақтаушы орыс ұлтының өкілімен ұлы да, қызы да тұрмыс құрып үлгерген. Он жыл бұрынғы уақытта мешіттердің жағдайы бәрімізге белгі ғой. Ол уақытта мұсылман жамағатының арасындағы бірліктің жоқтығын және ешқандай мешіт оларға әлемдік деңгейдегі тілді үйрете алмайтынын және оларға керек білімді бере алмайтынын алға тартып, мұсылман дініне келуден жапа тармағай бас тартты. Мен жасаған әрекеттен еш нәтиже шықпасына менің де, аналарының да көзі жетті.

Сол уақыттан бері мен көкейіме үлкен бір сабақ түйдім. Бала тәрбиесіне келгенде еш нәрседен аянып қалмау керек. Баланы тәрбиелеу дегеніміз ол тамағын немесе киімін ғана тауып беру емес. Негізгі мәселе баланың санасына ұлтын, дәстүрін, жерін, тілін, дінін, ата-анасын тағы да басқа рухани құндылықтарды күнделікті айтып отыру керек екенін осы уақытқа дейін түсінгенім бір бөлек, өз көзіммен көргеннен кейін менің ұлттық құндылыққа деген махаббатым екі есе арта түсті.

Әр ата-анаға айтарым, бала тәрбиесіне келгенде өте мұқият болу керек және оны кейінге қалдыруға еш уақытта болмайды. Кейінге шегерсеңіз өмір бойы бармағыңыз шайнауда қалады екен.

«Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры 2009 жылы құрылып, 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қордың құрылу мақсаты — қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрімен рухани құндылықтарын, еліміз бен жерімізге ерен еңбегі сіңген тұлғаларымыздың еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау арқылы отансүйгіштікке баулу. Қор дін саласында дәрістер мен семинарларды 2013 жылдан бастап жүргізе бастады. Қор 2017 жылдан бастап Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік жобаларын орындайды. Себебі қор қызметкерлерінің басым бөлігі — әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің дінтану мамандығын бітірген мамандар. Дін саласындағы тақырыптарда дінтанушы ғалымдар мен мамандар, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар дәріс оқиды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!