Чинг-Куо Ву бұл жекпе-жекте жасалған төреліктің ешқандай да қателігін байқамағанын мәлімдеп отыр.
«Біз Томас Бахпен (ХОК президенті) бірге отырып, осы жекпе-жекті көрген сәтімізде ешқандай да қателіктің болмағанын ұқтық. Бірақ келесі күні бұл даулы мәселеге айналды. Бұл шын мәнінде таңғалдырды. Сондықтан Бах та, мен де жеңімпазға қошемет көрсеттік. Спорттың аты спорт. Ал қазылардың шешімін құрметтеу өте маңызды. Егер шешімді әрқашан өзгерткіміз келсе, қазылардың не қажеті болады? Олардың барлығы жоғары маманданған әрі емтиханнан өткен адамдар. Мұнда қасақана жасалған ещтеңе көрмедім. Бес қазы бар, үш қазының жазғаны бар, оны компьютер таңдайды, сөйтіп шығарылған шешім, меніңше, дұрыс болған», — деп мәлімдеді AIBA президенті.
«Бірақ бұл шешім дау туғызғандықтан, біз төрешілер комиссиясы мен тәртіптік комитеттің төрағаларынан, сонымен қатар сарапшыдан жекпе-жекті қайталап көріп, тексеріп шығуды сұрадық. Қайталап көру нәтижесінде барлығы қазылардың шығарған шешімімен келісті. Біз бұл видеоны БАҚ-тарға және қоғамға көрсете аламыз, барлығы көрсін», — деп келтіреді президенттің сөзін Ву San Francisco Chronicle.
Ал осы финалдық жекпе-жекте төрелік еткен үш қазы Олимпиададан шеттетілген болатын. Бірақ жекпе-жектің нәтижесі өзгеріссіз қалды.
Осыған дейін Олимпиадада қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконің финалдағы жекпе-жегіне қатыстыхалықаралық дау туған еді. Қазылар жеңісті Тищенкоға берген кезде жанкүйерлер бұл шешімге наразылық білдіріп, ысқырған болатын. Желіде жекпе-жек қорытындысын қайта қарау туралы петиция пайда болды. Ал әлемдік бокс мамандары төрешілердің әділ шешім шығарғанына күмән келтіретінін атап жатты.
Ал осыдан соң Левит — Тищенко жекпе-жегінде төрелік еткен қазылартағы да дауға қалған еді. Бұл жолы көрермендер ресейлік Владимир Никитин мен ирландиялық Майкл Конлан арасындағы жекпе-жектің қорытынды шешіміне наразы болды. Осыдан кейін AIBA Олимпиададағы даулы жекпе-жектерге қатысты мәлімдеме жасады. Ал кейін Левит — Тищенко жекпе-жегінің соққылар статистикасы жария болған еді.