Сот Qazaq Banki АҚ-ны жою туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Алматы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен ҚР Ұлттық банкінің талап арызы қанағаттандырылып, Qazaq Banki акционерлік қоғамын мәжбүрлеп жабу туралы қаулы етті.
Жою өндірісі қозғалсын, банк филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып ликвидация комиссиясын құру жөніндегі міндеттеме «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі» республикалық мемлекеттік мекемесіне жүктелсін. Банкті мәжбүрлеп жою туралы шешімнің заңды күшіне енген күнінен бастап «Банктер мен банк қызметі туралы» заңның 48-1-бабының 1-тармағының 2-бөлігінің 1,2,4-тармақшаларында қарастырылған салдарлар басталады, — делінген сот қаулысында.
Еске салайық, ҚР Ұлттық банкі өткен тамыз айында Qazaq Banki АҚ-ны банктік, басқа да операцияларды және құнды қағаздар нарығындағы қызметті жүргізу лицензиясынан айырған еді. Ұлттық банктің мәліметінше, банк салымшыларының депозиті, олардың төлем карточкаларындағы және банк есепшоттарындағы қаражаты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалады.