ЭКСПО-2017: Жаңа басшылық не өзгертті?

Қазақстан Expo-2017 көрмесін өткізу құқығына 2012 жылдың қараша айының соңында қол жеткізді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрменің қазақстандық экономикаға жаңа парадигмаға көшуге, яғни технологиялық артта қалуды еңсеріп, энергияның экологиялық көздерін қолдануға өтуге көмектесетінін әлденеше рет айтқан еді. Болашақтан үміт күттіретін мұндай жағдайда шараны өткізуге кететін қаражат аз және өз-өзін ақтайтындай көрінген.

Алайда көрмені ұйымдастыру шығындары тұрақты түрде өсіп отырды. Бұл өзіне қоғам мен жемқорлыққа қарсы ведомствоның назарын аудартты. 2015 жылдың маусым айында басқарма төрағасы Талғат Ермегияев үй қамағына алынды. Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері жемқорлық қылмысқа 24 адамның қатысқанын, ал олар келтірген залалдың 10 млрд теңгеден асқанын көрсетті. Топ-менеджмент тұтқындалған соң бір айдан кейін Назарбаев шараға дайындықты сынға алды. Ол Қазақстанның әлі бірде-бір мемлекетпен көрмеге қатысу туралы келісім-шартқа қол қоймағанын, ұлттық компанияның бұрыс басқару жүйесін түзгенін, ал жергілікті мердігерлердің ірі жобадан тыс қалып отырғанын айтты.

Тамыз айында президент «Астана ЭКСПО-2017» басқарма төрағасы лауазымына осыған дейін жеті жыл бойы Алматы әкімінің қызметін атқарып келген Ахметжан Есімовты тағайындады. Жоғары лауазымды шенеуніктердің ешқайсысы бұл шешімге қатысты пікір білдірген жоқ. Сарапшылар жобаға қиын кезеңде келесі жылдың жазында өтуі тиіс шараның дайындығын дұрыс алып шыға алатын менеджер керек деп ой айтты. Халықаралық көрме бюросының өкілдері басшылықтың ауысуына байланысты басында алаңдаушылық танытқанымен, Назарбаевпен кездесуден соң Қазақстанның көрме бойынша ұйымдастыру жұмыстарын аяқтау үшін бар күш-еңбегін жұмсайтынына сенімді екендіктерін білдірді.

Компания басшысы қызметіне келген соң екі аптадан кейін Есімов ЭКСПО объектілері бойынша құрылыс жұмыстарының құны 22 млрд теңгеге қысқартылды деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол компания құрылымын қайта ұйымдастырып, артық және бір-бірін қайталайтын департаменттерді жапты, топ-менеджмент санын екі есе қысқартты. Есімовтың сендіруінше, бұл жылдық еңбекақы қоры бойынша 150 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берген. Қараша айына қарай ұлттық компания менеджменті шығындарды тағы 56 млрд теңгеге қысқартып, Назарбаевтың пікірінше, ең басты түйткілді мәселелердің бірін шешуді, атап айтқанда қазақстандық құрамның төмен деңгейін қолға алды. Компания елдің 10 аймағынан 220 қазақстандық кәсіпорынмен серіктестік орнатып, олар ұсынатын қызмет көлемін 30 млрд теңгеге дейін жеткізді.

Басшылық ауысқан соң бір жылдан кейін ұлттық компания толыққанды есеп ұсынды. Құжатта бюджеттің «функционал мен сәулет сапасына зиян келтірмей  131 млрд теңгенің оңтайландырылғаны» көрсетілген.

Компания шетелдік және жергілікті компаниялармен 100 млн еуроның меморандумына қол қойып, 244 млрд теңге көлемінде инвестиция тартты. Әу баста келеді деп жоспарланған 100 елдің 98-і, сонымен қатар 18 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындықтарын растады. Бір ғана көрменің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру есебінен ашылған жұмыс орындарының саны 5300-ді құрады. Шара дайындығына тікелей немесе жанама түрде 46 мың адам жұмылдырып отыр. Сондай-ақ компания отандық 283 тауар өндірушімен байланыс орнатып, 41,7 млрд теңгеге келісім-шарттар жасасты.

Ұлттық компания топ-менеджменті ауысқан соң көрмеге дайындық жағдайы шынымен жақсарды деп санайды саясаттанушы Эдуард Полетаев. Сарапшының сөзіне қарағанда, шара дайындығына ең жоғарғы саяси деңгейде назар аударылып отыр.

«Ұлттық компанияның бұрынғы басшылығына қатысты істің жария түрде жүргені кездейсоқтық емес. Оның орнына саясатта салмағы бар Ахметжан Есімовтың келгені де мән беретін, маңызды дүние», — дейді ол.

«Қазір ЭКСПО-ның жаңа командасы бұрынғы команда қалдырған мәселелерді шешіп, екі есе артық жұмыс көлемін атқаруда», — деп санайды саясаттанушы Марат Шибұтов. Оның сөзіне қарағанда, ұлттық компанияның жаңа менеджменті тап болған негізгі басқару қиындықтарының бірі – әрқайсымен мәселені жеке-жеке шешуді талап еткен жергілікті мердігер ұйымдар санының артуы. Шығындар бойынша айтарлықтай деңгейде үнемге көшу де күрделі жұмыс болған және бұл жағдайда алдыға қойылған мақсатқа қол жеткізілді деп санайды саясаттанушы.

Полетаев Ермегияев ісінің қоғамның сын көзбен қарайтын бөлігі үшін жобаның табысты болуына қатысты күдік-күмән білдіруге қосымша себеп болды деп атап өтті. Алайда, сарапшының сөзіне қарағанда, мұндай бедел зиянына жоба шетелде емес, ел ішінде ұшыраған, себебі  ол кезде шетелдік инвесторлардың ақшасы көрмеге әлі жұмылдырылмаған болатын: «Бұл тұрғыдан алғанда, шетелдік баспасөзге жүргізілген талдау Ермегияев ісіне қатысты ЭКСПО мәселесі өзге мемлекеттерде үлкен резонанс тудырмағанын көрсетті».

Марат Шибұтов құрылыс жұмыстарының кестесі бойынша 2-3 айлық кешігу орын алуы мүмкін екенін айтады, себебі Ермегияев тұтқындалған соң компания біраз уақытқа толыққанды менеджмент жүйесінен айрылып қалған болатын. «Көрме бойынша әлі де болса тиімді қаржы нәтижелеріне қол жеткізуге болады, себебі болашақта баланста ғимараттар қалады, демеушілерден қаражат түседі, инвестициялар келеді», — деген сенімде саясаттанушы.

Полетаев жоба имиджіне бұрынғыша көңіл бөлу қажет екенін жоққа шығармайды. Алайда ол барлық ұйымдастыру жұмыстарын уақытылы бітіру бәрінен маңызды деген ойда. «Көрме уақыты жақындаған сайын бірден көзге түсе қоймаған қателіктер, жетіспеушіліктер шыға бастайды. Билет сату жүйесін іске қосқанда, оның ресейлік ұйымға қатысы бар екендігі белгілі болып шықты. Бұл жағдай сол сәтте-ақ сынға ұшырады», — деп атап өтті ол. Осыған қарамастан сарапшы қазіргі дайындық қарқынын оң бағалап отыр. «Оның үстіне жобаның тұрақты түрде бақылауда (саяси – V) болуы көрме белгіленген уақытта, айтарлықтай кемшіліксіз өтеді деп үміттенуге мүмкіндік береді», — деп сөзін қорытындылады саясаттанушы.

Дмитрий Мазоренко, Vласть

ДереккөзВласть