«7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека алғандардың басым көпшілігі айына 100 мың теңгеден кем төлейтін болып шықты. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі хабарлады.
Мамандардың есебінше, заем алушылардың 60%-ы ай сайын 100 мың теңгеден кем сома төлейді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша заем алушылардың 6%-ына ғана ең жоғары сома тиесілі (Астана, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкентте 20 миллион теңге, басқа аймақтарда 12 миллион теңге). Заем алушылардың қалың көпшілігі — жалпы портфельдің 37%-ы, 10-нан 15 миллион теңгеге дейінгі сомада кредит рәсімдеген.
Бағдарлама өзінің әлеуметтік бағдарын толық растады. Алайда «7-20-25» ең алдымен мерзімділік, төлем қабілеттілік және қайтарым принциптеріне негізделген ипотека екенін ұмытпауымыз керек. Ол банк алдында өзінің төлем қабілетін дәлелдеген, жұмыс істейтін қазақстандыққа қолжетімді, — деді «Баспана» ипотекалық ұйымы басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
24 қазан күнгі жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша бір де бір қайтарылмаған қарыз жоқ. Қазақстандықтар 44,5 миллиард теңге сомасына өтініш берген. Банктер оның ішінен сомасы 30 миллиард теңге болатын 2513 өтінімді мақұлдаған.