Басты бетЖаңалықтарКеңес әскерінің...

Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылу мерейтойына арналған жоспар мақұлданды

Конференцияны ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл ұйымдастырды. Шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы филиалының өкілдері, Қазақстанның интернационалист жауынгерлерінің республикалық және өңірлік ардагерлер ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференция барысында қатысушылар Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу бойынша мәселелерді қарастыратын жобаның жоспарын қарап шықты.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сүру сапасының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауы Қарулы Күштердің қызметкерлері үшін маңызды оқиға болды. Қорғаныс министрлігі бар өмірін Отан қорғауға арнаған белсенді әскери қызметкерлер мен ардагерлердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар өзгерісті бастады. Мемлекет басшысының талаптарынан патриотизмді маңызды әлеуметтік құндылық ретінде жандандыру және дамыту, қоғамның рухани-адамгершілік бірлігін нығайту қажеттігі анық көрінеді, — деді генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар аталған жобаны бірауыздан қолдады.

Еске салайық, 1988 жылдың 14 сәуірінде Ауғанстан Демократиялық Республикасы төңірегіндегі саяси ахуалды реттеу жөніндегі Женева келісіміне сәйкес, Ауғанстаннан Кеңес әскерін шығару 1988 жылдың 15 мамырында басталды.