Талдықорғанда шешендер «Тіл — рухани жаңғыру тетігі» тақырыбында пікір таластырды

Талдықорғанда еліміздің әр өңірінен келген білікті, білімді, шешен де жүйрік жастар бас қосты. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен облысымызда алғаш рет кең көлемде, республика деңгейінде «Тіл — рухани жаңғыру тетігі» атты пікірсайыс турнирі өткізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл — бір үйдің емес, бүтін бір елдің үміттеріне артылған сенім, көрсетілген қолдау.

Бәйгенің ашылу салтанатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзі білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екенін, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін көрсетеді. Ал қазақ шeшeндiк сөздeрi — бастаyын түркiлiк танымнан тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, аса бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс. Сондықтан да баба мұрасы — ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына. Бүгінгі пікірсайыс — кешегі өткен халық даналығының, асыл қасиеттерінің қазіргі заманға сай жаңаланған бейнесі, — деді ол.

Республикалық жүйріктер додасында 20 команда бақ сынады. Турнирге білік-тәжірибесі мол мамандар төрелік етті.

Облымызға білімі жарасқан сөз шеберлері жиналып, осындай үлкен пікірсайыс турнирінің өтіп жатқаны өңіріміз үшін үлкен мәртебе екенін айтқым келеді. Бұл — тек жастардың басын қосу емес, олардың бойындағы үздік көшбасшылық қасиеттерді дамыта отырып, өзгелерге үлгі ету, — деді турнирдің бас төрешісі Айбол Қожатаев.

Сайыстың алғашқы күні BPF, яғни британ парламенті форматында пікір жарыстырған командалардың сегізі ширек финал ойындарына жолдама алды. Ал ширек финал, жартылай финал және ақтық сын APF (американ парламенті) форматында өтті. Екі күнге созылған бәйгеде қатысушылар еліміздегі ең өзекті тақырыптар мен мәселелер жайында пікір жарыстырып қана қоймай, тәжірибелерін бөлісті. Доданың ақтық сынында 20 команданың ішінен суырылып шыққан 2 топ көпшілік алдында тұжырымдарын айтты. Олар шешуші ойында Жастар жылында іске асыруға болатын жаңа жоба механизмін ұсынды.

Дебат пікірталас
Фото: Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасы

Сонымен бәсекелі бәйгенің жабылу салтанатында қатысушыларға алғысхаттар табысталды. Ширек финалда толғамды ой айтып, тартымды ойын көрсеткен командалар талпыныс номинациясымен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Өзгені өз ойының дұрыстығына сендіре алатын, басқа қатысушыларға мықты қарсылас бола білген «Жаһан бике» фракциясының спикері Аида Өтесін «Үздік спикер» аталымына ие болды. Тартысты турнирдің нәтижесі бойынша 3-орын (80 000 теңге) Алматының намысын қорғаған «Интисар» командасының еншісіне тиді. Ал 2-орынға (100 000 теңге) сүбелі ойды салиқалы сөзге айналдыра білетін шымкенттік «Әлемдік танымал мырзалар» тобы ие болды. 1-орын және республикалық турнирдің бас жүлдесі — кубокты (120 000 теңге) Тараз бен Астана спикерлерінен құралған «Аспаннан үлкен» фракциясы қанжығалады.

Дебат
Фото: Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасы

Бұл турнир бұрынғылардан потенциалы жоғары, биік деңгейде өтті. Себебі елімізден тек үздік, қадалғанына дөп тигізетін сөз мергендері келген. Ойында қарсылас тарапта түссек те, барлығымыздың бір-бірімізден үйренеріміз көп. Осындай мүмкіндік туғызғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — дейді «Әлемдік танымал мырзалар» тобының ойыншысы Жұмажан Бауыржанұлы.

Жансая Смағұлова