Министр өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты. Қызылжар ауданының Бескөл аудандық орталығына барған ол ауылдың даму қарқыны мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
Ауданда жұмыспен қамту және қоныс аудару бағдарламалары жақсы дамыған. Орманды өңдеу және қалдықсыз өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерге бардық. Онда оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер мен шетелден келген қандастарымыз көп жұмыс істейді. Бескөл гимназиясы роботтехника сыныбымен жабдықталған және мектептер білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен, — деді Мәдина Әбілқасымова.
Министрдің айтуынша, биыл аймақтық даму бағдарламасы жаңартылды. Әлеуметтік нысандар, жол жөндеу, су құбырларымен жабдықтау және басқа да қажеттіліктерге қаржыландыру тек болашағы бар ауылдарға бөлінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы үлкен, әрқайсында 50-ден аса тұрғыны бар 100-ден астам елді мекен бар. Бүгінде облыста 10-ға жуық тұрғыны бар 38 ауылды жою жұмысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы ресурстардың ұтымды пайдаланылуын және қаражаттың келешегі мол ауылдарға, облыс орталықтарына жұмсау туралы айтқан. Мұндай елді мекендерде тұрғындар көбейген сайын, жұмыс орындарының саны артады, сонымен қатар бұл шағын және орта бизнестің дамуына әкеледі, — деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.