Керчьтегі трагедия: барлық марқұмның кім екені анықталды

Қырымдағы Керчьте атыс пен жарылыс салдарынан қаза тапқандардың аты-жөні анықталды. Бұл туралы Ресей ақпарат құралдары қала әкімшілігінің басшысы Дилявер Мельгазиевке сілтеме жасап хабарлады.

Барлық мәйіттің кімдердікі екені анықталды, — деді Мельгазиев.

Оның мәліметінше, құрбан болғандардың 15-і — студент, бесеуі — оқу орнының жұмысшысы. Қайтыс болған студенттердің алтауы кәмелетке толмаған.

Еске салайық, 17 қазан күні Керчьтегі технология колледжінде қолдан жасалған бомба жарылған еді. Төтенше оқиғадан соң террорлық әрекет дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ кейін колледжде оқитын бір жігіттің әуелі оқу орнында адамдарға оқ атқаны да белгілі болды. Соған байланысты қылмыстық іс «екі және одан да көп адамды өлтіру дерегі бойынша қозғалған іс» деп ауыстырылды.

Тергеу комитеті 20 адамның бәрі оқ тигеннен қайтыс болғанын анықтады. Атыс кезінде тағы ондаған адам жарақат алды. Бірнеше адамның жағдайы ауыр.

Колледждегі адамдарға оқ атқан адам осы оқу орнында оқитын Владислав Росляков болып шықты. Ол атыстан кейін өзін-өзі өлтірді.

Владислав Росляков мұндағы «Өнеркәсіп және азаматтық ғимараттар электр жабдықтарын құрастыру, жөндеу және пайдалану» мамандығына 2015 жылдың қыркүйегінде түскен. Қырым басшысы Сергей Аксеновтың айтуынша, Росляков оқу үлгерімі жақсы, стипендия алатын, бұрын агрессия байқатпаған оқушы болған.

Қырымның шұғыл қызмет мамандарының мәліметінше, бір ай бұрын Владислав Росляков қару сақтауға рұқсат алған. Оған дейін жігіттің үйінің қару сақтау ережесіне қаншалықты сай екені тексеріліпті, мамандар ешқандай заңсыздық таппаған. Қару сақтауға берілген лицензия оның тиісті медициналық комиссиядан, соның ішінде, психиатрдан өткенін айғақтайды.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қырымда үш тәулік бойы қаралы күн жарияланды.

ДереккөзРИА Новости