Алматыда жасөспірімдер суицидіне қатысты конференция өтіп жатыр

Конференцияға Халықаралық психатриялық ассоциацияның президенті Афзал Джавед, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен халықарылық денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қатысты.


Министр алғы сөзді Ақтөбеде орын алған автобус аптынан қаза тапқан адамдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтудан бастады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген жаңа технологиялардың қалай жүзеге асып жатқанын атап өтті. Қазақстан үкіметі суицидті маңызды мәселе ретінде қарастырып, жағдайды зерттеу, ЮНИСЕФ-ті тарта отырып арнайы бағдарламалар әзірлеу, халықаралық мамандарды, үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру және психикалық денсаулық саласындағы жергілікті мамандарды тарту секілді шараларды жүргізген.

— Жасөспірімдер арасындағы суицидті азайтумен бүкіл әлем айналысып жатыр. Бүгінгі конференцияның өзге жиындардан айырмашылығы  — балалардың жағдайына назар аудару, — дейді Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың жаңа сайланған Президенті, профессор Афзал Джавед.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, әлемде жыл сайын жасөсіпірімдердің 10%-ы өз-өзіне қол жұмсайды. Нәтижесінде жастардың 67 мыңға жуығы көз жұмады. Қыздардың өмір сүруге деген құлшынысы ұлдардан қарағанда аз екені анықталған.  Ал табысы жоғары елдерде тұратын балалардың төрттен бірі күніне 2 не одан да көп психологиялық күйзелістерді бастан кешіреді. Соның ішінде әлсіреу, ашушаңдық, күйгелектену немесе ұйқының болмауы сияқты белгілер бар. Егер аталған күйде жүрген жасөспірімдерге уақытында көмек көрсетілмесе, жастардың денсаулығы одан бетер асқынып, оның соңы суицидтік мінез-құлыққа әкелуі мүмкін.

Қазақстанда кәмелетке толмаған жастар арасында суицидтің алдын алуы бойынша пилоттық жоба әзірленіп, іске асырылған. Осының негізінде жасөспірімдер арасында психикалық денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, суицидтің алдын алу бағдарламасы жасалған. Жобаға қатысқан жасөспірімдер қорқыныш, стресс пен көңілсіздік деңгейі төмендегенін хабарлады. Жоба басталғалы 12 айдан кейін сауалнамаға қатысқан, жастардың 80%-ы суицид туралы ойлауды доғарғанын айтады.

— Ұят. Қиындығыңды айтсаң, одан құтылу үшін мамандарға жүгінсең — ұят. Психиатрды алмай-ақ қояйық, психологтың өзіне көріну — ұят. Сені ақымақ деп ойлауы мүмкін. Неге адамдар жақынына қиын жағдайға тап болғанда көмектесуге дайын емес? Қоғам да жастардың күйзеліске түсуіне кінәлі. Саған белгілі бір шекаралар сызып береді. Егер бағынбасаң, олар сені қабылдамайды. Жалғыздық. Сені ешкім түсінбейді. Күйзеліс. Қорқасың бәрінен. Ішіңде не болып жатқанын жасырып, қиындығыңды ешкімге айтпай ішіңде сақтайсың, — деп ой бөлісті конференцияға қатысушы жас.

«Психологпен болған ашық, әрі шынайы әңгімеден кейін үйге келдім де, өлетін уақытымды сызып тастадым. Мен енді өлмейтін болып шештім. Осыдан кейін өзімді жеңіл сезіндім. Бұрынғы ойларым өзгеріп, отбасыммен арамыз жақсара түсті. Бір-бірімізге көбірек көңіл бөле бастадық. Қазір кешкі мектепте оқимын. Одан бөлек визажист курсына қатысып жүрмін. Болашаққа жоспарлар құрып жатырмын». Бұл – жобаға қатысушының басынан кешірген өзгерісі.

Сонымен қатар, конференцияда Zhastar.org ақпараттық платформасының алғашқы нәтижелері таныстырылды. Платформаның көмегі: мектеп психологтарына, денсаулық сақтау мамандарына мен білім беру саласындағы өкілетті органдарға суицидтің алдын алу тәсілдері бойынша ақпараттар ұсынады.

«Bilim Foundation» қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетовтің айтуынша, осы тәжірибені мемлекет деңгейінде бір стратегия ретінде енгізу жасөспірімдердің психикалық денсаулығын арттырып, суицид деңгейін төмендетпек.