Мұрат, 23 жаста
«Рухани жаңғыру» дегенді естігенде, ойыңызға не оралады?
— Президенттің Жолдауы. Рухани жаңғыру бұл – мәдениеттің дамуы. Қазіргі кезде қазақстандық жастар шетелдік университеттерді көп таңдайды. Ал Назарбаев жастардың отандық жоғары оқу орындарында оқығанын қалайды. Сондықтан Елбасымыз отандық білімді, ғылымды дамытуға барлық жағдайды жасап жатыр.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Соңғы жаңалықтан хабардар, ақпаратты қайдан алу керегін білетін адам.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «2030 стратегиясы». Өзім соңғы оқыған «Рухани жаңыру» бағдарламасын білемін.
Әлия, 19 жаста
«Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру – әр адамның өз биігіне, мақсатына жетуі.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ақылды болуы керек. Заман өзгерген сайын адам бір орында қалып қоймай заманмен бірге дамып отыруы қажет. Бұрынғы заманның адамдарымен ХХІ ғасырдың адамын салыстырғанда қазіргінің адамы өзгеше ойлай алатын қасиетке ие болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білмеймін.
Нұрсұлтан, 24 жаста
«Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?
— Адамның жақсы жаққа өзгеруі.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Адам мейірімді болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білемін, бірақ есімде болмай тұр.
Қанат, 50 жаста
«Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?
— Ескі нәрселерді жаңарту. Ұмытылып кеткен салт-дәстүрді жаңғырту.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Қазіргі адамдарда ХХІ ғасырға лайық қасиет жоқ сияқты. Дегенмен әр қазақстандық білімді, адал болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Барлық бағдарламасын білемін, бірақ оқымаймын. «Нұрлы жолды» білемін.
Ерболат, 19 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Білмеймін.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Адам жан-жақты болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
Теледидар қарамаймын, сондықтан ондайларды білмеймін.
Аида, 42 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Қазақ елінің мәдениетін көтеру.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Мейірімді.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «Рухани жаңғыру», сосын жастарға үй беретін бағдарламаны білемін.
Досымхан, 18 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Қазақстанның алға ұмтылуы.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Бұл ғасырда адам тек алдыңғы қатарда жүретін, білімді, ақылды болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «Қазақстан — Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру», «Қазақстан — 2050».
Руслан, 41 жаста
«Рухани жаңғыру» идеясын қалай түсінесіз?
— Мен мүлде теледидар қарамаймын.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ең бастысы тәрбиелі, сыйластығы мол, адамгершілікті болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білмеймін.
Асхат, 18 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру дегеніміз — еліміздің алға қойған мақсаты. Бірінші мақсатымыз — әлемнің 30 елінің қатарына қосылу. Ол үшін адамдар рухани баю керек. Тарихымызды біліп, ұлы тұлғаларымзды тануға міндеттіміз.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Жаңа технологияларды пайдалана алатын, ең болмағанда ағылшын тілін жетік білетін адамды нағыз ХХІ ғасырдың тұлғасы деп есептеймін.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «2025 стратегиясы», үшінші жаңғыру туралы, «Рухани жаңғыру», 2030 стратегиясын орындап тастадық. «100 нақты қадам».
Абылай, 14 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Білмеймін.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ақылды, тәртіпті, әдепті болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Президенттің мақсаты — 2020 жылға дейін латын әліпбиіне көшу.
Лаура мен Аружан, 21 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру – Президенттің халыққа арналған жаңа бағдарламасы. Сол бойынша қазір еліміздің театрларына, мәдениетіне көңіл бөлініп жатыр.
— Меніңше, рухани жаңғыру — тілімізді, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Бірінші кезекте, адам рухани бай болуы керек. Ол үшін театрға барып, кітап оқып, өзіңді жан-жақты дамыту қажет.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Жаңадан шыққан, халыққа үй беретін «7-20-25» бағдарламасы, «Рухани жаңғыру», «Бір ел — бір тағдыр — бір мүдде», «100 мектеп, 100 аурухана».
Қадір, 50 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Мүлдем ештеңе білмеймін. Естіп көрмеппін.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Тәрбиелі болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білмеймін.
Аяжан мен Гүлмарал, 11-12 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Еліміздің дамуы, болашағымыздың жарқын болуы үшін қазірден рухани жағынан жаңғыру керекпіз.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Технологияны жетік білуі керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «Нұрлы жолдан» басқасын білмеймін.
Айгүл, 38 жаста
«Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру – жаңа бағытта, мысалы, иновациялық бағытта сабақ жүргізу.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— ХХІ ғасырдың адамында бірде-бір комплекс болмауы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Келесі жыл «Жастар жылы» болады. «Рухани жаңғыру», бір жылдары қарттарға байланысты бағдарлама шықты.
Мақсат, 22 жаста
«Рухани жаңғыру» дегенді қалай түсінесіз?
— Білмеймін. Басқа сұрақ қоясыз ба?
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Білімді, білімді және білімді және жан-жақты болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білмеймін.
Алуа, 17 жаста
Рухани жаңғыруды қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыруға байланысты Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты шаралар өткізіліп жатыр.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ашық, көкірегі ояу, білімді, жаһандану саясатында үш тілді меңгерген адам.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— 2030, 2050 стратегияларын айта аламын. Мақсатымыз – 30 елдің қатарына кіру. «Болашақ жастардың қолында» демекші, келесі жыл — «Жастар жылы».
Құралжан, 17 жаста
«Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру — халқымыздың дамуы, көркеюі.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ақылды, өз ісінің шебері, болашағынан үміт күттіретін адам болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
«Үш тұғырлы тіл». Басқа елден қалмай үштілді жетік білген артық емес. Өз басым оны қолдаймын.
Сардар, 17 жаста
«Рухани жаңғыру» дегенді қалай түсінесіз?
— «Рухани жаңғыру» – Назарбаевтың Жолдауы.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Ең бастысы, өз еліне адал қызмет ететін азамат болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— Білмеймін.
Темірхан, 17 жаста
«Рухани жаңғыру» дегенді қалай түсінесіз?
— Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлтымыздың санасын түгелімен жақсы бағытқа бұру, өзгерту.
XXI ғасырдың адамы қандай болуы керек?
— Жан-жақты болуы керек.
Президенттің қазақстандықтарға арнаған қандай бағдарламаларын білесіз?
— «7-20-25» бағдарламасы, «Цифрлық Қазақстан».
Сауалнамаға 21 адам қатысты. Респонденттердің жартысы — 11 адам Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеялар мен міндеттерден хабары бар екенін байқатты. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы Мемлекет басшысының 5 қазанда жарияланған Жолдауы мен онда айтылған тапсырмаларды естіген болып шықты.