Президент Жолдауы: Талдықорғанда төменгі жалақы алушылар саны есептеледі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Талдықорған әкімдігінде актив жиыны өтті.

Аталған басқосуға қалалық мәслихат хатшысы, ауылдық округтердің әкімдері, мәслихат депутаттары мен саяси партиялардың өкілдері, құқық қорғау органдарының, қалалық басқарма, бөлімдер басшылары, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде Жолдауды түсіндіру және белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы міндеттерді анықтау жағы қарастырылды.

Жиын барысында Талдықорған мәслихатының депутаты Елдар Сапаров, №1 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Олеся Кравченко, грек-рим күресінен әлем чемпионы Ербол Қоңыратов және «Бағдаулет — Төлепберген» ауыл шаруашылығы – өндірістік кооперативінің ди⁠ректоры Сәпи Төлепбергендер кезекпен ортаға шығып, маңызды міндеттерді атқарудың жолдарын айтты.

Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаев актив жиынын қорытындылай келе Президент Жолдауында атап көрсетілген әр сала бойынша жүйелі жұмыс істеу керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе көтеруді тапсырды. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары Талғат Қыдырәлиевке қаладағы ең төменгі жалақы алушылардың санын есептеп, бюджеттен тиісті қаражат қарастыруды тапсырамын, — деді Дастан Шалтабаев.

Коммуналдық тарифтерді реттеу қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа тапсырылды. Талдықорған әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбековаға Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты көтерілген тапсырмаларды іске асыру жүктелді.

Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жасалған «7-20-25» бағдарламасын жандандыру жағы да сөз болды.

Бізге тұрғын үй салу үшін жеке инвесторларды көбірек тарту қажет. Сонымен бірге жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселелері қарастырылсын. Әсіресе, бұл бағдарламаның шарттарын жас отбасылар өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін пайдалануы керек, — деді шаһар басшысы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар және қалаішілік жолдардың құрылысы мен жөндеуге осы жылы 3,7 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылмақ. Қала әкімі осы бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғасын табатынын айтты.

Дастан Шалтабаев индустрияландыру, қоғамдық тәртіп, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру сияқты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жекеше тоқталып, ондағы атқарылуға тиіс мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

Қымбатты жерлестер! Елбасымыз әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Біз Жолдаудағы міндеттерді іске асыру бойынша барлық нақты шараларды қабылдадық. Енді жұмыла жұмыс істейік, — деді әкім.