19 қазанда «Жайық жағасында — Каспий кубогы — 2018» тұңғыш халықаралық турнирін Астананың 20 жылдығына орай Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ұлттық спорт түрлері федерациясы ұйымдастырады.
Батыс өңіріндегі Ұлттық спорттың деңгейін көтеру мақсатында өтетін турнирдің бас жүлдесі — «Алтын қамшы» сыйлығы. Ол көкпар ойынында ең көп салым салған шабандозға беріледі.
Махамбет ауданының Алмалы ауылында өтетін турнирде көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және ұшқыр бәйге, жорға жарысы, тазы жарыстары ойнатылады. Халықаралық деңгейде өтетін шарада арнайы жасақталаған этноауыл құрылып, әрбір киіз үй алдында қазан-ошақтармен ұлттық тағамдар дайындалады.
Барлық сайыс бойынша 400-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланды. Ресей, Өзбекстан, Монғолия, Түрікменстан және басқа да елдерден командалар қатысады. Бұл жоба ұлттық спорттың деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосатын турнир болады деп сенеміз, — дейді Атырау облысының ұлттық спорт түрлері федерациясының басшысы Асланбек Жанбалаев.
Айта кетейік, тұрғындар үшін арнайы автобустар 19 қазан сағат 09.30-да Авангард, Балықшы, Теміржол вокзалы және Тұрғындар қалашығы маңында орналасқан соңғы аялдамалардан турнир алаңына дейін жолаушыларды ақылы түрде тасымалдайды.