Алматыда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында Дүниежүзілік стандарттар күніне арналған дөңгелек үстел өтеді. Іс-шараны «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы және ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы бойынша департаментімен бірлесе ұйымдастырып отыр.
Алматы ішкі саясат басқармасы мамандарының хабарлауынша, 14 қазан күні әлемнің ғылыми-техникалық қауымдастықтары Дүниежүзілік стандарттар күнін «Халықаралық стандарттар және төртінші өнеркәсіптік революция» ұранымен өтеді. Дөңгелек үстел сол қарсаңда — 12 қазан күні ұйымдастырылады.
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер палатасы, «ҚазМетрИн» РМК ОҚФ басшылары мен мамандары, «ҰАО» ЖШС өкілдігі, стандарттау бойынша техникалық комитеттер, өндірістік кәсіпорындар, қауымдастықтар, одақтар, қоғамдық бірлестіктер, аккредиттеу субъектілері және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысады.
Іс-шараның басты мақсаты — халықаралық үлгіге негізделген ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыруға бағытталған, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің рөлін арттыру, ұлттық стандарттардың мәртебесін көтеру, пайдаланушыларға стандарттау құжаттарының қолжетімділігін қамтамасыз етудегі ҚР «Стандарттау туралы» заңының нормаларын түсіндіру.
Бағдарлама мына тақырыптарға бөлінген: «Халықаралық стандарттар және төртінші өнеркәсіптік революция. Мемлекет өміріндегі және стандарттаудағы жаңа кезең», «Басшы және стандарттау. Үйлесімді және қажетті түсініктер», «Технологияларды, өнімдер мен қызметтерді инновациялық стандарттауды дамыту арқылы алға жылжу».
Іс-шараның соңында стандарттауды дамытудағы қосқан үлесі үшін кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары мен мамандары құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталады.