Астанада Сербия президенті Александр Вучичтің ресми сапарының қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасының рпезидентіне Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынын ерекше атап өтті.
Біздің жоғары деңгейдегі кездесулеріміз тараптардың өзара байланыстарды дамытуға мүдделі екендігін білдіреді. Ең алдымен, бұл — сауда-экономика саласындағы кооперацияны одан әрі ілгерілету. Елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтырып тұрады. Жеткізілетін өнімдер түрлерін кеңейтуге дайынбыз, – деді ол.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия арасындағы қатынастарды одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды да атады.
Біз Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия алдына жаңа міндеттер қойдық. Жақында бұл комиссияның екінші отырысы өтті. Онда басым бағыттар айқындалды. Олар — ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және басқа да салалар. Біз Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалын жеделдету үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі уақытта Еуразия экономикалық одағы мен Сербия арасындағы еркін сауда аймағын құру үшін сараптамалық келіссөздер жалғасып жатқанын және келіссөздер барысында өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланғанын айтты.
Александр Вучич қонақжайлық көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.
Меніңше, Орталық Азияда Астана сияқты қарқынды өзгеріп әрі өркендеп келе жатқан қала жоқ. Президент Назарбаевтың және оның көрегендігінің, күш-жігері мен іске берілгендігінің арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мені таң қалдырады. Сіздердің «Қазақстан-2050» стратегиясында белгілеген мақсаттарыңызға жететіндеріңізге кәміл сенемін, — деді Александр Вучич.
Сербия Республикасының президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды екенін және оның әрі қарай дами беретінін айтты. Ол екі мемлекет халықаралық деңгейде бір-біріне өзара қолдау көрсетуі қажет деп мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия Республикасының президенті Александр Вучич шағын құрамда екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылағаны хабарланған еді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сербия арасында достық пен ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Вучичті І дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады. Александр Вучич Қазақстан Президентін ең жоғары мемлекеттік деңгейдегі І дәрежелі “Сербия Республикасының Орденімен” марапаттады.