Қазақстандағы діни ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатыр. Түрлі радикал, экстремистік діни ағымдар мен діни культтер қоғамға зардабын тигізіп қана қоймай, миға сыймайтын айла-тәсілдермен адамдарды алдап, арбап қатарын көбейтіп келеді. Олардан келетін қауіпті болдырмау мақсатында Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың тапсырысымен Social Development Center қоғамдық қоры «Интерактив карта» сайтын жүргізіп отыр. Social Development Center ұжымы Baribar.kz тілшісіне «Интерактив карта» сайтын пайдалану жолдары мен атқарып жатқан жұмысы туралы айтты.

діни карта
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Картада Алматыда тіркелген 179 діни бірлестік, ресми миссионерлердің тізімі, діни әдебиеттер мен атрибутика сататын, тіркелген дүкендердің тізімі, дәстүрлі діни бірлестік басшылары мен діни ғимараттардың орналасқан жері туралы ақпарат беріледі.

Кез келген алматылық көшеде діни рәсімдер өткізіп, діни әдебиеттер мен парақшалар таратып, белгісіз діни ағымды насихаттап жатқан адамдарды байқаса, суретке, видеоға түсіріп, «Интерактив карта» сайтына өтініш қалдыра алады.

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұл карта қаланың діни ахуалына мониторинг жасауды жеңілдетіп, оны жақсартуға тұрғындарды жұмылдырады.

Жобаны Social Development Center қоғамдық қоры осы жылдың сәуірінен бастап қолға алған. Қор қызметкерлері картаның техникалық жабдықталуын ғана емес, сайттың контентін толықтырып, Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасынан келетін ресми ақпаратты жариялап отырады.

Social Development Center
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Social Development Center қоғамдық қорының корпоративтік жұмыстар жөніндегі менеджері Бейбіт Тұрабаевтың айтуынша, мұндай жобаның ТМД аумағында баламасы жоқ.

Бейбіт Тұрабаев
Бейбіт Тұрабаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазіргі кезде азаматтардың, әсіресе, жастардың дінге қызығушылығы күннен-күнге артып жатыр. Бұл — қуантарлық жағдай, дегенмен одан келетін қауіп те жоқ емес. Дәстүрлі емес жат ағымдардың арбауына еріп жатқандардың көбі — жастар. Міне, дәл осы жердегі біздің мақсат — дінге енді-енді қызығушылығы оянып, дін туралы ақпарат іздей бастаған азаматтарға көмектесу. Мұндай жағдайда діннен хабары аз адамдар интернеттегі сансыз, тексерілген-тексерілмеген — барлық ақпаратты қабылдай береді. Ал, біз фильтрленген, дін басқармасы бекіткен ресми ақпаратты ғана жариялаймыз, — дейді Бейбіт Тұрабаев.

«Интерактив карта» сайты туралы сұрақтарға Social Development Center қоғамдық қорының бас маманы Ақбота Серік жауап берді.

діни карта
Ақбота Серік. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сайтты қалай пайдаланады?

«Интерактив карта» сайты қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Барлық гаджетке арналған нұсқасы бар. Қолдануға ыңғайлы болуы үшін мобильдік қосымшасын да шығардық. Оны App Store мен Play Market-тен көшіріп алуға болады.

Сайтқа кіргенде өзіңізге қажет конфессияны таңдай аласыз. Онда ислам, христиан, буддизм, иудей және жаңа діндер туралы барлық қажет ақпарат бар.

діни карта басты бет
Фото: Screenshot. Religionmap.kz

«Нормативтік құқықтық актілер» айдарында нормативтік құқықтық құжаттар, Конституция, Мемлекет басшысының жолдауы, тағайындаулар мен қаулылар жазылады. Алматыдағы барлық ресми тіркелген дін «Дін және қоғам» айдарында жарияланады. Онда барлық дәстүрлі діннің тармақтары, ғимаратының мекенжайы және бірлестік басшысы туралы ақпарат көрсетілген. Бізге әзірге дәстүрлі емес діни ағымдар туралы ақпарат берілмеді, егер анықталып жатса, дін басқармасының ресми дерегіне сүйене отырып, картаға енгіземіз. Намазханалар туралы ресми ақпарат болмағандықтан оларды картада белгілей алмадық. Алдағы уақытта намазханалар да қосылатын болады.

Деструктив ұйымды байқасаңыз, не істеу керек?

Картаның ерекшелігі сол — оны кез келген азамат толықтыра алады. Қазақстан заңнамасына сәйкес кез келген жерде діни үгіт-насихат жасауға тыйым салынған. Сондықтан көшеде заңсыз, жергілікті биліктің рұқсатынсыз діни қағаздар, атрибуттар таратып жүрген күдікті адамдарды көрсеңіз, суретке немесе видеоға түсіріп, сайттағы «Өтініш қалдыру» айдарына жолдай аласыз. Ондағы ақпарат бізге ғана көрінеді. Бірінші кезекте жеткен ақпараттың рас немесе өтірік екенін анықтап аламыз. Расталса, ақпаратты Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармаға жолдаймыз. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық адам өтініш қалдырды. Олардың жартысынан көбі «заңсыз діни кітаптар сатып жатыр» деген ақпарат болды. Біз күмәнділерін, тексеруді қажет ететіндерін дін басқармасына жібердік. Олар тиіс шараны қолданады немесе әкімшілік жауапкершілікке тартады. Сонымен қатар Whatsapp, Viber желілері арқылы хабарлама жіберуге болады. Дегенмен сайтта діни кітап сатуға рұқсаты бар дүкендердің тізімі барын ескертеміз.

Өтініш қалдыру
Фото: Screenshot. Religionmap.kz

Бұдан бөлек, бізге Алматыдағы йога орталықтарының бірінде белгісіз адамның жат ағымды уағыздайтыны туралы ақпарат келді. Мәлімет тексеріліп, дін басқармасына жіберілді.

Біз осындай мәселелерді болдырмау үшін ресми діни бірлестіктер туралы ақпарат береміз. Сонымен қатар біздегі ақпарат үнемі жаңарып отырады, ұжым да күнделікті ізденіс үстінде жүреді. Уақыт өткен сайын деструктив ұйымдардың да айласына құрық бойламайды.

Тұрғындардың сеніміне кіре алдыңыздар ма?

Қала тұрғындарына тек сенімді, шынайы ақпарат береміз. Өтініштерін қарастырып, олардың бізге деген сенімін арттыру үшін қағаз жүзінде емес, шын жанымыз ашығандықтан жұмыс істеп жатырмыз.

Тұрғындар сайт туралы құлақтанып жатыр. Осындай тегін ресурстың барын білдіру мақсатында түрлі плакат жасап, діни бірлестік мекемелеріне, метро пойыздарына, бекеттерге және автобустарға хабарландыру ілдік. Екі бейнеролик дайындалды. Онда картаны қалай қолдану керегі, пайдасы туралы толық мәлімет беріледі. Алматыдағы жастар, студенттер отыратын әлеуметтік желідегі топтарға карта туралы ақпарат таратылды.

Сонымен қатар алдағы уақытта Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың тапсырмасымен «Эксперттік көзқарас» атты бейнеролик түсіреміз. Онда дінтанушылармен сұхбаттасамыз.

Радикал және экстремистік діни ағымдардың, сонымен қатар діни культтердің таралуы қоғамымызға үлкен зардабын тигізеді. Неге десеңіз, бақылаусыз өз бетімен кеткен ағымдар қай жаққа апаратыны белгілі. Дін істері басқармасының жобасы — интерактив карта осындай ағымдардың ықпалынан адамдарды құтқаруға септігін тигізеді. Себебі ресурс ашық, оған кез келген қолданушы кіре алады. Қай конфессия қандай құжатпен жұмыс істеп жатыр? Барлық ақпарат айқын. Бұл жобаны шығаруға екі орталықтың ұжымы атсалысты. Нәтиже жаман емес деп ойлаймын. Картаны іске қосу барысында оннан астам теріс ағымдағы діни бірлестік жұмысын тоқтатты, – деді Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Қиқымов.

Айта кетейік, ҚР Президентінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында діни экстремизм мен терроризмді болдырмау мақсатында ақпараттық қауіпсіздікті қадағалау керегі жазылған еді.

Үшінші жаңғырудың бесінші басымдығында киберқылмыспен, діни экстремизммен және терроризммен күрестің өзектілігін белгіледі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мақсаты ақпараттандыру және байланыс саласында қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды пайдалануы кезінде олардың жеке өміріне қолсұқпаушылықты қорғау болып табылатын «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді, — делінген бағдарламада.

«Интерактив карта» да азаматтарды қауіпсіз ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!