Аллергия дендегенде өзін қоярға жер таппай кететінін айтып, мұңдарын шағатындар да аз емес. Арасында аурудан арыла алмай аласұрғандарына бірнеше жылдың жүзі болғандары да бар. Бұл сырқаттың емін таппай, мазасыз күй кешкендер шарасыздықтан дәрігердің кеңесінсіз, түрлі дәрілік заттарды пайдалануға көшіп жататыны да рас. Мұндайда, «Аллергиядан құлантаза айығуға бола ма?» деген сауал туындайды. Алдымен, аллергиядан запы көргендердің назына құлақ асайық…
Белгілі суретші Аңсаған Мұстафа өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Адамның жанын қинамай, түшкіріп қалса болды, тарс еткізіп аллергия деп диагноз қоя салады. 1995 жылы аллергия басталған. Ауылға барып едім, қалаға түшкіріп, мұрным бітеліп келдім. Келе салысымен әке-шешем салқын тиген болар деп емдеді. Ем болмады. Уколға көштік, пайда жоқ. Екі аптадан соң бір дәрігер гайморит деп шығарды. Одан система қойып, жақсарғандай едім, бірақ кейін мұрын бітелуі тағы басталды. Не керек, емделіп жүргенде күз де жетті. Жазылғандай болдым. Бірақ келесі жылы ауру қайта дендеп, жақсы дәрігер іздеп тентіреу тағы басталды. Содан бері, міне аттай 21 жыл өтіп кетіпті. Істемегенім жоқ, бір жылдары тұзды шахтаға да барғыш бол-дым, ақыр-аяғында көзім жетті, бәрі тек ауру белгісін ғана басады, емдемейді екен. Бұның емін тапқан адам жоқ, неге? Қазір екінің бірінде аллергия бар, неге бәрін қойып осының емін таппайды екен? Балаларға обал» деп жазады.
Ал журналист Жұлдыз Әбділда: «Мұрын бырқылдап, көз қызарып, тамақ қышып, одан қалса аяқ-қолыңа, мойныңа қып-қызыл майда бөртпе қаптап жүру оңай емес. Мұрын дұрыс демалмағаннан кейін бас та ауырады. Оттегі жетпегеннен миға да салмақ. Аллергия алматылықтар үшін қалып-ты ауру. Өйткені, қалада шаң-тозаң көп, таудан келетін самалдың жолын зәулім үйлер жауып тастаған. Тозаң біздің мұрнымызға барып қонақтайды. Әлбетте, бәріміздің емес, кімнің иммунитеті әлсіз, кімнің зат алмасу процесі дұрыс емес, солардың. 2005 жылдан бері бұл аурумен күресуіндей күрестік. Үндістанда өсетін әнебір тікенек шөпті мұрынға иіскеуден бастап, істемегеніміз жоқ. «Тяньши» дегенді де көрдік. Жалпы, ББҚ (биологиялық белсенді қоспа) аллергиядан құлан-таза айықтырады дегенге сену қиын. Тұз шахталарына да бардық. Антигистаминнің түр-түрін сынақтан өткіздік. Дипроспанды да салдырдық. Ақыры асқындырып, демікпеге айналдырып, содан кейін емделудің (оған дейінгінің бәрі әйтеуір тұншықтырудың амалы болатын) жолын іздедік. Емдейді екен. «Қатарынан үш жыл емделсеңіз, сосын гипоаллергенді диетаны ұстансаңыз, жазылады» дейді. Соған сендім, себебі бір жыл емделгеннен кейін екі жыл аллергия мүлдем мазалаған жоқ. Қатты қиналғанда дипроспанға жүгіреміз. Бірақ, бұл уақытша. Яғни, ауруды тұншықтыру. Ал емделу қыста» дейді ол.
Өзінің сырқатын аллергияның асқынып, демікпеге айналған түрі деген журналист Асылхан Мамашұлы Қырғызстанның Нарын облысы Кочкор ауданындағы Шоңтұзға барып, жазылыпты.
Біз осы мәселеге орай, аллерголог-дерматолог дәрігер Рахима Жақсылықоваға хабарластық. Оның айтуынша аурудан айығып кетуге болады. Көп жағдайда медицина аллергияның себебі ретінде аллергенді ғана қарастырады екен. Ал аллерген азық-түлік өнімдерінде, дәрілік заттарда, т.б. кездеседі. «Шын мәнінде, аллергия – нақты емді қажет ететін жұқпалы ауру. Өкінішке қарай, медицинада мұны көрмейді. Мәселе – осында. Қазір жұқ-палы ауру кең таралып кетіп отыр. Аллергия демодекоздық акариаздың кішкентай ғана, жиі кездесетін бөлшегі екенін көрсетеді. Мысалы, әрбір үшінші ақшыл терілі америкалықтың денесі қызарған болып келеді және сол демодекоз. Демодекоз – Демодекс микрокенелері тудыратын теріге қабаттаса біткен қосалқыларының созылмалы паразитарлық ауруы. Демодекс басында көбіне аллергия ретінде көрінетін ауру. Мысалы, адам бөртпелерімен келеді делік, оған аллергия деген дигноз қойылады. Ал негізінде ол аллергия емес, демодекоздың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Медицинада демодекоздың толық сипаттамасы жоқ, ол туралы 1981 жылдан бері айтып келемін. Демодекоз бүтіндей бір ауру ретінде тіркелмей отыр. Яғни, аллергия демодекоздың алғашқы белгілерінің бірі деуге болады. Дәрігерлер көп жағдайда аурудың себебін жоймайды, белгілерімен ғана күреседі» дейді маман.
Аллергияның шығуына тұрмыстағы шаңнан пайда болатын кенелер себепкер. Мәселен, жұмыс орындағы, үйдегі шаң-тозаң аллергия тудырушысы. Демек, халқы көп үлкен қалаларда бұл аурудың кең етек жаюы заңдылық. Негізі медицинада аллергия тұқым қуалайды делінгенмен, маманның айтуынша, ол тек жұқпалы ауру. Сондай-ақ, ауруды емдеуге тұзды судың да пайдасы барын жоққа шығармайды. Ол – халық емінің бір түрі. Дегенмен, адам ағзасы бірдей болмайтынына байланысты, әр адамға әртүрлі ем тағайындалады.