Басты бетЖаңалықтарАтырауда Қиғаш...

Атырауда Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбі тереңдетіліп жатыр

Атырауда Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбін тереңдету жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы рет бұл өзендердің түбі өткен ғасырдың 80-жылдары тереңдетілген.

Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 40 жыл ішінде су тоғандары апатты жағдайға дейін жетіп, Жайық өзені шамадан тыс ластанған. Кейбір телімдерде су деңгейі небәрі — 40-50 сантиметр. Осыған орай қазір «Павлодар өзен порты» АҚ өзен түбін тереңдетіп жатыр.

1 тамыздан бері біз Шарон тармағында 3 шақырым тереңдікте, теңізді мың метрге дейін қазып, экскаваторлар арқылы өзендерді көп қоқыстан тазарттық. Қиғашта біз 480 мың текше метр жерді қазуымыз керек, осы жоспарды жылдың аяғына дейін орындаймыз, — дейді «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Мақсат Сәдуақасов.

Айта кетейік, бұл жұмыс экожүйеге зиян келтірмейді, керісінше, түбіндегі шөгінділер өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді және балықтың өсуіне оң әсерін тигізеді.

Қазіргі уақытта құрылғылармен судың 3-3.20 метр тереңдігін қазып жатырмыз. Балтика жүйесі бойынша арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі осы 2,5-3 метр тереңдік көлемінде болуы шарт. Өзенді кейін топырақ немесе басқа да қалдықтар әсерінен тереңдігі жойылмауы үшін 20-30 см тереңірек қазып жатырмыз,- дейді телім басшысы Дидар Әліпов.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдетудегі басты мақсат – балықтың жойылып бара жатқан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың еркін уылдырық шашуын қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдай жасауға, мелиорация және өзен арналарын тереңдетуге бағытталған.

Шортанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Зұлқарнаевтың айтуынша, жұмыс басталған кезде тұрғындар тарапынан «Қазып жатқан жердегі судың қалдықтары мал жайылатын жерлерге кесірін тигізбей ме?» деген сауалдар туған. Олар өзеннің суын ауыл шаруашылығы мақсаттарында пайдаланады, атап айтқанда, малды суарады және жем дайындайды.

Бұл балық жүретін өзек. 126 шақырымды уақытында тазалай алсақ, ауданымызда балық өнімі көбейеді деген ойдамыз. Бұл жұмыстар қазіргі кезде балықтың өсуіне кедергі келтірмейді. Керісінше, тұрғындар атынан жылдар бойы кедергі болған мәселені шешуге көмектесіп жатқан облыс басшылығына алғыс айтамыз. Тек жұмыс аяқталғаннан кейін аумақтың тазалығын тексеріп, қадағалап отыратын бір мекеме құрылса дейміз, — дейді Саясат Зұлқарнаев.

Айта кетейік, Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету төрт жылға (2017-2020жж) созылады.