Еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова қола жүлдегер атанды

Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова қола медаль жеңіп алды.

Қазақ балуаны қола медаль үшін күресте мысырлық Энас Мостафаны 7:4 есебімен ұтып, Қазақстан қоржынына алтыншы қола медаль алып берді.

Эльмира өзін жеңіп кеткен қарсыласы ресейлік Наталья Воробьеваның жартылай финалына шыққанына байланысты жұбаныш белдесулерін өткізуге мүмкіндік алған еді. Алғашқы жұбаныш белдесуінде моңғол балуаны Очырбатын Насанбурманы жеңіп кеткен.Одан кейін қола үшін болған тартыста Египет балуаны Энас Мостафадан айласын асырды.

Ал 48 келіде күрескен тағы бір қазақстандық Жұлдыз Ешімова олимпиада ойындарының жүлдесіне қол жеткізе алмады.

Эльмира Сыздықова қазақ қыздарының арасынан шыққан күрес түрлері бойынша тұңғыш олимпиада жүлдегері. Ал бұған дейін Пекин олимпиадасында Елена Шалыгина, ал Лондонда Гюзел Манюрова қола жүлдегер атанған болатын.

Осылайша, Рио олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының медаль саны 12-ге жетті. Еншімізде 3 алтын, 3 күміс, 6 қола жүлде бар.

ДереккөзҚазАқпарат