Айта кетейік, бірегей байқауды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Аружан Әбсатардың айтуынша, мектепке «Алпамыс батыр» эпосын жатқа айтудан байқау өтетіні туралы хабарлама келгенде оған қатысуға бірден бел буған.
Эпосты маусым айында толық жаттап, бітірдім. Шілде, тамыз айларында тәлімгерім Майра Айыпханқызымен бірге дайындалдым. Мұндай байқауларға бұрыннан қатысып жүрмін. Абай, Шәкәрім оқуларының бас жүлдегерімін, — дейді Аружан Әбсатар.
Ал екінші орын алған №187 лицейдің 6-сынып оқушысы Абылай Бердашев бұл жобаға дейін ешқандай байқауға қатысып көрмеген.
Қалалық байқауда жырды жатқа айтып қоймай, әдебиет пәнінен өткен сабақтардан сұрақ қойды. Бәріне мүдірмей жауап бердім. 11 маусымда жаттап бастадым. Мұндай байқауға алғаш рет қатысуым, — дейді Абылай Бердашев.
Абылайдың анасының айтуынша, оған әкесі көп көмектескен.
Баланың бір кітапты жаттауы оңай шаруа емес. Қанша дегенмен ойын баласы, әсіресе, жаз мезгілінде кітапқа ден қоюы екіталай. Бірақ «Алпамыс батыр» эпосын Абылай ойнап жүріп жаттады десем қателеспеймін. Күнде әкесі қадағалап отырды, бірге дайындалды, — дейді Абылайдың анасы Құндыз Имұратова.
№152 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Бекзат Шардарбек «Алпамыс батыр» эпосын 1 айда жаттаған.
Мамыр айында байқаудың болатыны туралы хабарлама келді. Сол кезден дайындықты бастап кеттім. Кітапты толық 1 ай жаттадым. Қалған уақытта мұғаліммен бірге дайындалдым. Қалалық сайыста байқаудың хабарламасында көрсетілген талаптар өзгертілген. Мен, соған қарамастан, мықты дайындығымның арқасында эпосты сәтті орындап шықтым, — дейді ұлттық байқауда 3-орын алып, 500 мыңды қанжығасына байлаған Бекзат Шардарбек.
Ол бұған дейін де қалалық, республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы және «Алтын домбыра» сайыстарында жүлделі орынға ие болған.
Байқауға Алматыдағы жалпы білім беретін мектеп, гимназия және лицейдің 6-10-сынып оқитын 1300 оқушы қатысты. Оның 54-і — өзге ұлт өкілі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау 2018 жылдың 17 мамырында жарияланып, бірнеше кезең бойы өтті.
Басты мақсатымыз — бұрыннан келе жатқан әдебиетімізде, мәдениетімізде, тарихымызда бар дүниені жаңғыртып, сол рухта ұрпақты тәрбиелеу. Көне жырда тарихымыз, әдебиетіміздің қайнар көзі жатыр. Сондықтан тарихи-танымдық эпосты ұрпаққа оқытып, жаттату арқылы оның да санасын рухани жаңғырту. Мұнда тек оқушылар ғана емес, оларды дайындаған тәлімгерге де пайдасы мол. Олардың да еңбегі ескерусіз қалмайды, — дейді ұйымдастырушы Серік Сейітман.
Оқушыны ұлттық байқауға дайындаған тәлімгердің еңбегі де елеусіз қалмады. Мұғалімдерге Ұлыбританиядағы Оксфордтың қысқаша ағылшын тілі курсын оқуға тегін жолдама берілді. Бірінші орын алған баланың ұстазы 3 ай шетелде оқып, тәжірибе жинаса, екінші орын алған баланың тәлімгері 2 ай, үшіншісінікі 1 ай білім алады. Мұғалім ағылшын тілін меңгеріп, өзге елдің өркениетін көріп, алған білімін болашақта оқушыларының бойына сіңіреді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ата-бабамыздың қалдырған мұрасымен шектеліп қалмай, әлемнің озық өркениетін сіңіру керек» деген еді.
Байқаудың қорытынды кезеңінде төрелік еткендер қатарында Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, профессор, академик Тынысбек Қоңыратбаев және профессор Серікқазы Қорабай бар.
Қазылардың айтуынша, нағыз жүйрікті табу оңай болмаған. Жеңімпазды анықтауда қатысушылардың өзін сахнада ұстауы, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөз мәнері мен жырды айту мәнері ескерілген.
Бұл Республикада бұрын соңды болмаған ұлттық, танымдық рухани жоба. Балалардың, елдің рухын көтеру үшін, Кез келген халықты тану үшін оның өнерін білу керек. Жырларды біз де ата-әжемізден тыңдап өстік. Міне, сол сәл өзгеріп болса, қазіргі заманға сай жаңғырып жатыр. Мұндай бастамаларды қолдау керек. Алматыдан бастау алған жоба енді республика көлемінде қолдау тапса, жылына 50 мыңға жуық бала жырды жаттар еді,- дейді облыстық «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
Сонымен қатар Мәншүк Арыстанбек пен жетекшісі Гүлжан Оспанова «Күміс көмей» номинациясы бойынша, «Жезтаңдай» номинациясы бойынша Санат Ғизатұлы мен жетекшісі Салтанат Нүсіпова, ал «Құймақұлақ» номинациясы бойынша Шыңғысхан Армия мен жетекшісі Айүл Мамытова марапатталды.
«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының марапаттау рәсімінде күй тартылып, би биленді және қазақстандық танымал әншілер «Алашұлы» тобы, Сая Махамбет, Ерлан Рысқали және Өмірқұл Айниязов патриоттық рухты көтеретін ән шырқады.
Бірнеше айға созылған тұңғыш әдеби байқау жалпыхалықтық сипат алғанын айта кетейік. Танымал артистер де әлеуметтік желіде «Алпамыс батыр» жырын айтудан эстафета жариялаған еді.