Опера дүлділінің өмірі мен өнеріне арналған «Ермек Серкебаевтың дәуірі» деп аталатын экспозиция Алматы күні аясында ұйымдастырылып отыр. Мұнда халық артисінің бала кездегі фотосуреттерінен бастап өмірінің соңғы уақытындағы видеосұхбаттары да бар. Көрмеге тұлғаның музыкадағы әріптес-достары мен оның кино мен театр саласындағы белгілі замандастарына қатысты жәдігерлер де қойылды. Көрмені ұйымдастырушылар — Ермек Серкебаевтың ұлы, музыкант Байғали Серкебаев пен оның қыздары — Камила және Сана.

Байғали Серкебаев және Сана Серкебаева
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Осындай көрмені ұйымдастыру 3 жыл бұрын «Ермек Серкебаев қорын» құру барысында ойымызға келген. Содан бері дайындалып, осындай көрмені алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Жастарға қызық болсын деп көрменің форматын да басқаша ойластырдық. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсаттардың бірі де осы — жастар Ермек Серкебаев туралы, оның өнердегі достары туралы білуі керек. Мұнда 5 мультимедиалық зал бар. Ал көрмеге кірмес бұрын келушілерге құлаққап беріледі. Онда аудиогид атам туралы, оның достары туралы айтып береді, — деді Камила Серкебаева.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Келушілерге берілетін құлаққап арнайы пультпен басқарылады. Ал мультимедиалық залдарда суреттер мен бейнежазбалардан бөлек, сол заманғы фильмдерден үзінділер де көрсетіледі. Құлаққап арқылы Ермек Серкебаевтың орындауындағы әндерді тыңдауға болады.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Уақыт

Негізгі мақсат жастарға біздің аңызға айналған өнерпаздарымызды, музыка мен кинода, театр саласында еңбегі сіңген тұлғаларымызды таныстыру болды. Осындай көрмені ұйымдастыруды қыздарым ойластырды. Өздері ақырындап ұйымдастырып жүрді. Бір күні маған «Аудиогид боласың, текстті дайындаймыз, тек оқып берсең болды» деді. Мен келістім. Әрине Ермек Серкебаевтың, достарының суреттерін, бейнетаспаларын, аудиожазбаларын жинау біраз уақытқа созылды. Кейбірі  отбасылық деректер болса, басқаларын Орталық мемлекеттік мұрағаттан және Ресей фильмдерінің қорынан алдық. Әкеммен дос болған адамдар да өздерінде қалған суреттерді, бейнежазбаларды  алып келді, — деді Байғали Серкебаев.

"Ермек Серкебаев және оның дәуірі"
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бізге өзге қалалардан, әсіресе, Астанадан ұсыныс түсіп жатыр. Әрине, бұл көрмені біз бүкіл Қазақстанда ұйымдастыруға қарсы емеспіз. Онымен қоса, атамның еш жерде көрсетілмеген суреттерін, бейнежазбаларын әлі де жинап жатырмыз. Осы көрме аяқталған соң, Елордаға баратын шығармыз, — дейді көрменің бас кураторы Сана Серкебава

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көрме мектеп оқушылары мен студенттерден бастап барлық жастағы адамдарға арналған. «Арман» кинотеатрының арт-кеңістігінде орналасқан экспозицияны 1 ай бойы, яғни 25 қазанға дейін тамашалауға болады. Кіру тегін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!