ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде олар әлемдік ұйымның және халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.
Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысына Ақтауда өткен Каспий саммиті, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері отырысының және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінің қорытындылары туралы айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ны реформалау, тұрақты дамудың мақсаттарына қол жеткізу мен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұруға қолдау білдіруге ниетті.
Антониу Гутерриш Каспий теңізіндегі Ақтау саммитінің тарихи маңызын атап өтіп, БҰҰ Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға дайын екендігін және Қазақстан бастамасымен ұсынылған «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу» үшін мінез-құлық кодексін қолдайтындығын айтты.
Біз әлемнің берік тірегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жоғары бағалаймыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі конструктив рОлі өте маңызды. Сіздің еліңіз — даналықтың жаршысы және елдердің арасында көпір орнатушы, — деді Бас хатшы.
Антониу Гутерриш Астананың Сириядағы дағдарысты реттеудегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан дипломатиясының рөлі елдер мен діндер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда жоғары бағаланады.
Бас Ассамблеяның 73-сессиясының аясында Қайрат Әбдірахманов Грекияның Сыртқы істер министрі Никос Котзиаспен кездесу өткізіп, оның барысында «экономикалық дипломатия» және Орталық Азия мен Балқан аймағы елдерінің ынтымақтастығы талқыланды. Тараптар жақын арада екіжақты саяси консультацияларды өткізу туралы уағдаласты. Орталық Азия мен Балқан елдерінің арасында тұрақты диалог орнату идеясы айтылды.
Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Германия, Сауд Арабиясы, Сомали, Эритрея және басқа да елдердің сыртқы істер министрлерімен екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.