Астанада Startup Weekend жеңімпаздары анықталды

Астанада барлық салаға цифрлы технологиялар енгізіліп жатыр. Бұны іске асыру және әртүрлі идеяларды іріктеу мақсатында Startup Weekend өтті. Мұнда 230-дан астам стартапшылар «Қауіпсіз қала» тақырыбында өздерінің жобаларын ұсынды. Ең үздік болып Елдар Тоқтасынов, Мейрамбек Байсекенов және Назарбаев зияткерлік мектебінің жас тәлімгерлері атанды.

Startup Weekend-те 1-орынды FaceR жүйесі алды. Бұл бет-әлпет арқылы адамды танитын кросс–платформа. Ол нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Жүйені әзірлеушілердің айтуынша бұл технология бір уақытта көптеген адамдардың бет-әлпетін тани біледі. Сәйкестендіру фронтализация технологиясы бойынша жүреді, яғни адам бейнесі бұрыштан түсіріліп анық көрінбесе, онда бағдарлама фронтальды жүйені пайдаланып, анықтау дәлдігін 99,8% дейін арттырады.

Осындай платформалармен жұмыс кезінде интеграция мәселесі туындайды. Бұны тәжірибеден білеміз. Сондықтан біз жүйені құру кезінде сыртқы мәліметтерді барынша аз пайдаландық. Бүгінде жобаның десктоп түрі және Android жүйесіне арналған мобильдік қосымшасы бар. Жүйе автономды түрде жұмыс істейді, тек дерекқормен бір рет синхрондалса жеткілікті, — деді платформаны әзірлеуші Елдар Тоқтасынов.

Жоба авторлары ұйымдастырушылардан 500 000 теңгенің чегін алды. А 2-орынды және оған қоса 300 мың теңгелік сертификатты Павлодардан келген команда алды. Олар GPS және SOS тетігі бар суда құтқаруға арналған білезік пен 150 кг салмақты көтеретін құтқару жастығын әзірлеген.

Астана Innovaitions-тің арқасында біз адамдарға өзіміздің стартабымызды көрсете алдық. Инновациялық GPS-білезік, суға батып бара жатқан адамды құтқаруға арналған құтқарушы құрал, мұндайлар елімізде әзірге жоқ. Бүгін алған сыйақымызды жобамызға салатын боламыз, — дейді Мейрамбек Байсекенов.

3-орынды және оған қоса 200 мың теңгелік сертификатты Назарбаев зияткерлік мектебінен келген топ жеңіп алды. Жоғары сынып оқушылары бейне бақылау камералары арқылы қылмыскерлердің түр-түсін анықтауға арналған «Stop Вор» жүйесін жасаған. Олар бағдарламаны Python бағдарламалау тілінде жазған. Бұл алгоритмді оқушылар 54 сағатта әзірлеген.

Астана Innovations өкілдерінің айтуынша, олардың тарапынан үш жеңімпазға грант рәсімдеуге өтінімді тіркеуге, жобаны қаржыландыру жүргенше қолдауға, бизнес-өкілдер қауымдастығы мүшелері алдында презентациялар дайындауға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар инвестиция тарту үшін жобаны краудфандингтік платформасына қоймас бұрын консультация берілетін болады.