Басты бетЖаңалықтарАлматы мұғалімдері...

Алматы мұғалімдері дінтану негіздері бойынша білім жетілдірді

Алматыда «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері кәсіби біліктілікті арттыру курсының сертификатын алды.

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың тапсырмасымен өткен курсқа қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері қатысып, барлығы 72 сағат діни дәріс тыңдап, түрлі шараға барды.

Сертификат мұғалімнің діни курсқа қатысқанын растайды. Оның күші 3 жылға жарамды.

Дәріскерлер қатарында ақпараттық-түсіндіру тобының 20 мүшесі және ҚазҰУ, ҚазҰПУ, «Нұр-Мүбарак» университеттерінің оқытушылары мен дінтанушылар бар. Қурсқа қатысушылар Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы мен 10 күн бойы сабақ берген дәріскерлерге алғысын айтты.

біліктілікті арттыру курсы
Фото: Алматы ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы

Бұл курстан діни дәріс тыңдап, көп нәрсе үйрендім. Мұнда ислам діні ғана емес бүкіл әлемдік діндер туралы маңызды ақпараттарды білдім. Сонымен қатар еліміздегі діни мәселелерді естіп, шешу жолдарын әріптестерімізбен талқыладық. Болашақта оқушыларға сабақ беруде осы білімім мен тәжірибемді қолданамын, —  дейді Дүйсен Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі Перизат Терекбаева.

Курс шеңберінде қатысушылар орталық мешітке, католик және православ шіркеулеріне экскурсия жасады.

Экстремизм мен терроризмді болдырмау мектептен басталады. Бала мектепте дұрыс тәрбие алмаса, оларда радикалды көзқарастар қалыптасуы мүмкін. Сондықтан, мұғалімдер алдымен олардың сана сезімдерін зерттеп, қауіптің болдырмау шараларын жасау керек. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді Алматы ішкі саясат басқармасының “Мониторинг және талдау” орталығы басшысының орын­­басары Нұрболат Айекешев.

Нұрболат Айекешевтің айтуынша, Алматы мектептерінен жиналған тарих пәнінің мұғалімдері діннен хабары бар, сауатты, білімді мамандар. Дегенмен курстың мақсаты — оларға Алматыдағы діни ахуалды түсіндіріп, дін туралы ауқымды, толық ақпарат беру.

Біліктілікті арттыру курсын Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қаржыландыруымен ішкі саясат басқармасының “Мониторинг және талдау” орталығы ұйымдастырды.