ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Үндістан Республикасына барды. Сапар барысында қазақстандық мамандар Үндістанның цифрландыру жобаларымен танысып, Ұлттық информатика орталығына барды. Онда үнді әріптестері ақпараттық қызметтер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жаңа шешімдермен таныстырды.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нью-Делиде ҚР Премьер-министрінің орынбасары мен ҮР ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар министрі Рави Шанкар Прасад кездесті.
Кездесу барысында Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып берді. Қазақстан вице-премьері Үндістанның киберқауіпсіздік, адам капиталын дамыту, биометрия және тағы басқа салалардағы жобаларды іске асырудағы елеулі тәжірибесін атап өтті.
Адам капиталын дамыту – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі. Жоғары кәсіби кадрларсыз цифрлық бастамаларды іске асыру мүмкін емес. Үндістанның білікті АТ-кадрларын даярлауда үлкен тәжірибе жинақтағанын көріп отырмыз. Үндістандық әріптестеріміздің осы саладағы тәжірибесі біздің қызығушылығымызды тудырып отыр, — деді Асқар Жұмағалиев.
Рави Прасад Қазақстанның цифрлық бастамалары әлемдік трендтерге сәйкес келетінін, ал Мемлекет басшысының жан-жақты көрсетіп отырған қолдауы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сәтті іске асырудың кепілі екенін айтты. Ол мамандарды даярлау және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделі екеніне назар аударды.
Үндістанның Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрлігінде NASSCOM, NIELT, CDAC, SPTI, EP секілді жетекші үнді компаниялары өз өнімдерімен таныстырды. Қазақстан тарапы «Астана» хабымен таныстырып, Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамыту келешегі туралы айтып берді.
Асқар Жұмағалиев үндістандық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, ешбір ел цифрлық жобаларды өз бетінше іске асыра алмайтынын айтты. Себебі, технологиялар үнемі өзгеріп, қарқынды түрде жетілдіріліп отырады, тұрақты негізде пікір алмасып, білім мен тәжірибе алмасып отыру қажет.