Елімізде техникалық және кәсіптік білім орта арнаулы оқу орындарында техника, технология, ауыл шаруашылығы, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша беріледі. Сонымен қатар медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекетіміз 2007 жылдан бері жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру мәселесіне айрықша көңіл бөліп отыр. Президенттің тапсырмасымен «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы қолға алынды. 2018 жылы халыққа арнаған Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев осы жобаны жалғастыруды тапсырды.
Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен осы бағытта тегін білім беретін колледждердің оқыту жүйесі қандай? Оларға қалай түсуге болады? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Baribar.kz редакциясы Алматы сән және дизайн колледжінің оқу процесімен танысып, студенттерімен сөйлесті.
Биыл құрылғанына 71 жыл болған Алматы сән және дизайн колледжінде 900-ден астам студент оқиды. Осы оқу жылында мемлекеттен 200 грант, ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту — 2017-2021″ бағдарламасы бойынша 125 грант бөлінген. Мемлекеттік грант иеленген студент 3 жыл 10 ай оқыса, аталған бағдарлама бойынша 2 жыл 10 ай тегін білім алады. Сонымен қатар мемлекеттік колледжде барлық грант иегерлеріне күнделікті 735 теңгеге есептелген түскі ас беріледі. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту — 2017-2021″ бағдарламасымен грантқа түскендер бірінші жартыжылдықта стипендиямен қамтамасыз етіледі. Ары қарай стипендияның болып-болмауы — студенттің үлгеріміне байланысты. Мемлекеттің мұндай бағдарламалары жастарды кәсіпкерлікке тартып, білім алуға мүмкіндігін арттырары сөзсіз.
Мемлекеттік колледжге 9,10,11-сыныпты бітірген мектеп оқушылары түсе алады. Ол үшін қажетті құжаттарды жинап, арнайы сұхбаттан өту керек. Колледжде студенттің оқу мерзімі мектепті қай сыныпта бітіруіне байланысты анықталады.
Ең бастысы, мемлекеттік колледж білім берумен шектеліп қалмайды. 2,3-курс студенттері дипломалды практикасын өткен соң колледж тарапынан оларға жұмысқа тұруға көмек беріледі. Техникалық және кәсіби оқу орындары қолданбалы әрі ғылыми-зерттеу ұйымдарын құруы қажет. Сондықтан елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа дуалдық оқу әдісі енгізілді. Бұл — Қазақстанның біліктілігі жоғары мамандарға деген сұранысты арттыруға, студенттерге теориялық білім мен практиканы тең ұстауға көмектесетін әдіс. Колледждегі бірінші күнінен-ақ дуалдық оқу әдісімен білім алатын студенттер компанияларда іс-тәжірибе жинауға мүмкіндігі бар. Бұл студенттің колледжді бітірген соң жұмыс орнына оңай әрі тез биімделуіне септігін тигізеді. Мысалы, Алматы сән және дизайн колледжінде бүгінде қазақ-орыс топтарынан 50 студент дуалдық оқыту әдісі бойынша білім алады. Олардың оқу кестесінің 60%-ы «ҚазСПО-N» серіктестігінде практикалық сабақ түрінде өтіп, қалған 40%-дық теориялық білімді тәжірибеде сынап көреді.
Алматы сән және дизайн колледжінде үш түрлі бағыт бойынша білім беріледі: тігін өндірісі, аспаздық және шаштараз ісі. Әр топта тура 25 студент бар. Одан кем де, артық та емес.
Колледж қабырғасында кәсіби білім алып жүрген студенттер не дейді?
Өзім кондитерлікке қызығамын, тәтті тағамдар мен торттарды дайындаған ұнайды. Ал оларды жасай білу үшін аспаздық негіздерді үйрену керек. Сол себепті 9-сыныптан кейін аспаз болуды ұйғардым. Колледжге түскен соң, мұнда кондитерлік қосымша курстар барын біліп, бірден жазылдым. Бұл мен үшін тамаша мүмкіндік еді. Қазір соңғы курстамын, бітірген соң кондитер-технолог болатын мақсатым бар, — дейді 3-курс студенті Шахсанам Исмаилова.
Мен мейрамхана ашуды армандаймын. Бұл ой шетелдік «Кухня» сериалын көргеннен кейін арманға айналды. Ол үшін алдымен аспаздықтың қыр-сырымен танысуды жөн көріп, осы кәсіпті таңдадым. Мен де қазір соңғы курстамын. Осыған дейін еуропалық, итальян, грузин асүйлерінде тәжірибе жинадым. Енді, міне, арманымды іске асыруға дайынмын, — дейді 3-курс студенті Абылайхан Қазиев.
Біз сабақта тек шаш үлгілерін жасауды үйреніп қоймай, бет әрлеу (макияж), оның күтімі мен тырнақ жасауды да үйренеміз. Маған әйел адамзатын құлпырып, өздеріне ғашық ету ұнайды. Колледж сабақтарының ішінде бет әрлеуге ерекше көңіл бөлемін. Себебі шаштараздыққа қарағанда бет әрлеп, кейде, тіпті, грим жасаған қолымнан әлдеқайда жақсы келеді. Жасаған жұмыстарым Instagram-да жоғары бағаланып, тапсырыстар да түскен кездер аз емес, — дейді Бибігүл Артықбаева.
Мен отандық сән индустриясының маманы Санди Бексырғаны үлгі тұтамын. Болашақта ол сияқты жоғарғы деңгейге көтеріліп, жұлдыздармен, танымал тұлғалармен жұмыс істегім келеді. Бүгінге дейін шаш сәндеу үлгісінің біраз түрін үйреніп алдым. Енді бет әрлеу мен оның күтіміне қызығып жүрмін. Қазір жақындарым мен таныстарым тойға жиналса, мені шақыратын болды. Бұл — тәжірибемді жақсарту үшін тамаша мүмкіндік. Ал дипломалды практикамды Viva салонында өтуді мақсат еттім, — дейді 3-курс Үміт Базарбекова.
Қазіргі таңда Алматыда 90-ға жуық техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым бар. Ал оның 25-і — мемлекеттік колледж. Мұндай орта арнаулы оқу орындарында студенттер тек грантқа түсіп оқи алады. Стипендия көлемі — 16 759 теңге. Мемлекеттің қолдауы арқасында орта арнаулы оқу орындары нарыққа қажет мамандықтар бойынша кәсіби білікті жастар легін үздіксіз дайындап жатыр.