Қазақстанда «Астанафильм» киностудиясы құрылады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астанафильм» жаңа киностудиясы құрылатынын мәлім етті.

«Астанафильм» киностудиясын құруға қатысты Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Қазіргі кезде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеумен айналысып жатырмыз. Бізге осындай киностудияны құру қажеттілігі байқалып отыр. Мәселен, Венгрия, Чехия секілді аумағы жағынан шағын елдердің өзінде бірнеше ресми киностудия бар, — деді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Қазақстандағы киноиндустрияда қарқынды даму процесі жүріп жатыр, сондықтан алдағы уақытта «Қазақфильм» ауқымды жұмыстарды игере алмауы мүмкін.

«Менің ойымша, жаңа студия EXPO-қалашық маңында орналасады. Қазіргі кезде сәулет мәселесі маңызды болып тұр. Себебі әлемдік киностудияларға туристер көп баратыны белгілі, яғни киноөндіріс бизнеспен қатар жүргізілуі тиіс. Егер де биыл жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтасақ, онда алдағы жылы құрылыстың басталуына өтінім жібере аламыз, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистерге.

ДереккөзInform.kz