«Қазақфильм» этноауыл үшін жер беру идеясынан неге бас тартты?

«Қазақфильм» киностудиясының өзі жалға алып отырған 5,5 гектар жер телімін Ethnoland этномәдени кешен құрылысына беруге қарсылық танытуы орынсыз. Бұл туралы «Алматы ақшамы» басылымы хабарлайды.

2017 жылдың қыркүйек айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жиында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақфильмдегі» студияның аумағынан этноауыл салу мәселесі көтерілген болатын. Оған киностудияның басшылары келісім бергені белгілі. Ол үшін студияға тиесілі жер телімінің 5,5 гектары «Қазақфильм» АҚ 49 жылға жалға алып отырған аумақтан алынуы тиіс болды.

«Этноауыл салуға, оны бірлесіп пайдалануға келісім берген АҚ басшылары аяқасты бұл пікірінен айнып шығып, «әкімдік жерімізді тартып алғалы жатыр, жер қатынастарына байланысты заң талаптарын бұзды» дегенді желеу етіп, сотқа арызданған. Бірақ заң орындары киногерлеріміздің бұл талабының орынсыз екенін екі рет дәлелдеп берген. Жер мемлекеттікі, оны мемлекет қажеттілікке орай кез келген уақытта өз пайдасына ала алады», — деп жазады «Алматы ақшамы».

Басылымның хабарлауынша, бұл жердегі «Қазақ хандығы» картинасына пайдаланылған және биыл түсірілетін «Томирис» фильмі үшін жасалған декорациялар сол этноауылға сұранып тұр. Бірақ қазір аумақ күтімсіз жатыр.

Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов киностудия пайдаланып отырған аумақты әкімдікке беруге қарсы болғанымен жергілікті биліктің кино өнеріне ұдайы қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Қала әкімдігі «Алмас қылыш» фильмін түсіру үшін демеушілер арқылы 200 миллион теңге көлемінде қаражат тауып берген.

"Қазақфильм" киностудиясы
Фото: Алмаз Толеке

Айта кетейік, қала әкімдігінің мәліметінше, Ethnoland кешені қазақтың көшпелі мәдениеті мен қалалық өркениетінің симбиозы болмақ. Идея бойынша ол туристерге арналған, Қазақстанда теңдесі жоқ орынға айналады. Кешен жұртшылықты қазақ халқының тарихи, мәдени, гастрономиялық, рухани дәстүрлерімен таныстырады. Мұнда көшпенділердің тұрмыс-тіршілігіне қатысты музыкалық-драмалық фестивальдер, ұлттық спорт ойындары жарыстары, көрме-жәрмеңкелер мен қазақ қолөнерінің шеберлік дәрістері ұйымдастырылады.

Жергілікті әкімдік «Қазақфильммен» арадағы 5,5 гектар жер телімін жалға беру туралы келісімшартты 2017 жылы жойды. Ethnoland этномәдени кешенін салу о баста әкімдік пен «Қазақфильм» киностудиясының бірлескен идеясы болған.

"Қазақфильм" киностудиясы
Фото: Алмаз Толеке

ДереккөзAlmaty-akshamy.kz