Алматыда Қала күні тойланып жатыр

16 қыркүйек – Алматының туған күні. Қала күні – оңтүстік астана тұрғындарының ең сүйікті мерекелерінің бірі, дәстүр бойынша ол тамыз айының ортасынан бері тойланып жатыр.

Алматы күніне орай өткізілген шарада қала әкімі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы тапсырмалардың қаншалықты орындалғанын айтты.

Елбасының тапсырмасы бойынша біз Алматыны әлемнің үздік мегаполистерінің біріне айналдыру үшін қала кеңістігін жүйелі трансформациялауды бастадық. Осы уақыт ішінде «Қала адамдар үшін» жобасы аясында тарихи орталықтың 60%-ы жаңарды, жаяу жүргінші жолдары экономикаға оң ықпал етуде, бизнесті ынталандырып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Орталықтандыру қағидасы бойынша барлық аудандар дамып жатыр. Қала тұрғындары жер асты өтпелі жолдардың қауіпсіздігі мен тазалығын жоғары бағалады. Әрбір үшінші аула, 500-ден астам көше жаңарды, парктер мен скверлер түрленді, жасыл желек аумағы ұлғайды, қаланың 130 тарихи ғимараты түнге қарай архитектуралық жарықпен нұрлана түсті, — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Биыл жергілікті билік барлығы 100-ден астам мерекелік іс-шара әзірлеген болатын. Олардың қай-қайсысы да қала тұрғындарының күнделікті өмірін жарқын сәттерге толтыруға бағытталған.

Құрметті алматылықтар, алдымызда көптеген істер шешімін күтуде, мен сіздермен бірге оларды жүзеге асыратынымызға сенімдімін, Алматының әр тұрғыны тұлға ретінде қалыптасып, армандар орындалатын әсем қалаға айналатыны ақиқат. ардақты алматылықтар Сіздерге және Қаламызға, одан әрі гүлдену мен өркен жаюды шын жүректен тілеймін!, — деді Бауыржан Байбек.

Алматы – Қазақстандағы өнер мен мәдениеттің, қаржы мен экономиканың, ғылым мен білімнің, жастық пен спорттық жігердің ірі орталығы.

Қала тұрғындары мен туристер негізгі мерекелік шаралардың қызған шағына апта соңынан бастап куә болып жатыр.

Almaty Arena мұз кешені алдында балалар мен ересектерге арналған көңілді мейрам ұйымдастырылды. Big City Picnic көше тағамы фестивалі мен фермерлер жәрмеңкесі Алматының алтын күзінде көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.

Жыл сайын мереке ауқымы кеңейіп келеді. Еліміздің гүлденуінің символы іспетті болып жаңғырған Панфилов және Жібек жолы көшелерінің бойында биылғы мерекеде Jazzystan: APPLE TO APPLE диджейлер фестивалі өтіп жатыр. Оған әлемге танымал алты музыкант келді. Республика сарайында Almaty Film Festival жаңа халықаралық кинофестиваль басталды.

Almaty Art Centre Қала күні мен Қазақстан суретшілер одағының 85 жылдығына арнап, картиналардың үлкен көрмесін ашты.

Дәстүрлі «Gakku дауысы» фестивалі биыл тағы да көп көрермен жинады. Бес сағатқа созылған музыка кешінде қазіргі заманғы аспаптардың таза дыбысы мен жанды дауыс естілді, көрермен сүйікті әншілерімен қауышты.

Спортсүйерлер де мерекені тойлап жатыр. Almaty Arena кешенінің жеңіл атлетика стадионында футболдан турнир ашылды.

Бұл мерекеден биыл адам танымастай қайта жөнделіп, жаңғырған Орталық мәдениет және демалыс саябағы да тыс қалсын ба?! Мұнда VII Almaty garden show бақ фестивалі өтіп жатыр. Алматы хайуанат бағы ашық есік күнін өткізді.

Тұңғыш Президент саябағына барып, Aлма fest өнімдерін – Алматының алмасын жеп көріңіз.

Мәдени астанада Қазақстанның халық артисі, қазақ балетінің аңыз адамы Болат Аюхановтың 80 жасы, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің 90 жылдығы, әйгілі партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы да аталып өтіп жатыр.

Алматы күніне арналған мерекелік шараларды тізбектеп айтып тауысу мүмкін емес. 16 қыркүйекте кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары B-DAY PARTY гала-концертін тамашалайды. Кешке Sexy And I Know It хитімен танымал америкалық дэнс-хип-хоп дуэт LMFAO қатысады.

Бұл кезде «Астана» алаңында Red bull Alma FMX JAMS мотофристайлы өтіп жатады. Қала күні құрметіне орай осы жерде мерекелік отшашу атылады.