Алматы күніне арналған көрмеге неміс зергерінің бұйымдары қойылады

Көрмеге Қазақстан қолөнершілер одағының, қазақстандық зергерлердің және немістің әйгілі зергері Мартина Демпфтің жұмыстары қойылды. Көрмені Cultural Dialogue қоғамдық қоры және Қазақстан қолөнершілер одағы Қазақстан Гёте институтының қолдауымен ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты — тарихи-мәдени мұраларды насихаттау және оларды сақтаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету, елдің биомәдени алуантүрлілігін сақтау тақырыбына назар аудару.

Біздің өз мәдени ерекшелігіміз бар, ол — өзімізге тән шығармашылықтың негізі. Зергерлік бұйымдардың басқа да ұғымдармен өзара әрекеттесуі — қызық процесс. Бұл процесс мәдени мұраларымызды сақтай отырып,  дәстүрлі және заманауи зергерлік бұйымдарды біріктіруге мүмкіндік береді, — дейді ұйымдастырушылар.

Зергерлік дизайн мен дизайнерліктің басқа да салаларының мені ең көп қызықтыратыны – мұнда өз дәстүрің мен тарихыңды заманауи аспектілермен тамаша үйлестіруге болады. Бұл өткен заман мен қазіргі заманның пікірталасқа түсуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте түрлі елдің зергерлік дизайнерлері бір-бірімен тәжірибе алмасуы керек. Осы мақсатпен Гёте институты әйгілі зергерлік бұйымдар дизайнері Мартина Демпфті Алматыға шақырды, — дейді Қазақстан Гёте институтының директоры Ева Шмитт.

Мартина Демпф Қазақстан қолөнершілер одағының мүшелерімен «Дәстүр және оның шегінен тыс» – Заманауи әшекейлер» тақырыбында тренинг өткізеді. Тренинг 14–17 қыркүйек аралығында өтеді. Өзінің және басқа елдердің зергерлерінің жұмысын мысалға келтіре отырып, ол кроссоверлер, заманауи дизайн және ұлттық ою-өрнектер негізінде бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетеді. Тренинг соңында қатысушылар өз өнімінің нобайын жасайды.

Мартина жоғарғы оқу орындары мен колледждерде «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша оқитын студенттерге арнап, «Заманауи дизайн жолында кеңірек ойла!» дәрісін оқиды. Сонымен қатар неміс дизайнері 18 қыркүйекте Қазақстан қолөнершілерінің үздік шығармашылық жұмыстарын анықтайтын Х «Шебер» Қазақстан қолөнершілерінің республикалық байқауына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысады.

Осы жылы «Шебер» Республикалық фестивалі мерейтойын тойлайтыны – қуанышты оқиға. Ұлттық бұйымдар көрмесі мен зергерлерге арналған тренинг біздің мерейтойлық шараларымызды ашып отыр, — деді Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша дүниежүзілік қолөнершілер одағының вице-президенті Айжан Бекқұлова.

Қазақстанның мәдени потенциалын дамыту үшін халықаралық жобаларға араласуымыз керек. Сонымен қатар бүкіл адамзаттың біртұтастығын ұғына отырып, мәдени алуантүрліліктің кеңірек формаларына талпынысымызды көрсетуіміз керек, — деп пікірін білдірді Cultural Dialogue ҚҚ директоры Жанна Мәмбетова.

«Дәстүр және оның шегінен тыс» атты ұлттық зергерлік әшекейлер көрмесі 20 қыркүйекке дейін жалғасады.