Олимпиада алтынын алған спортшыға үкімет $250 мың төлейтін болды

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамит мәлімдеді деп жазады Қамшы.

«Қазақстан Республикасының Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын құрама командалары бапкерлері мен мүшелері үкімет қаулысына сай біріншіден алтыншы орынға дейін көтермеленеді. Бірінші орынға – 250 мың доллар, екінші орынға – 150 мың доллар, үшінші орынға – 75 мың доллар, төртінші орынға – 30 мың доллар, бесінші орынға – 10 мың доллар, алтыншы орынға – 5 мың доллар сыйақы беріледі», — дейді ол.

Бақытбек Хамиттың айтуынша, спортшыларды дайындаған бапкерлер де сонша сомада сыйақы алады.

Естеріңізге салсақ, Рио-де-Жанейрода 5-21 тамыз аралығында Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Оған Қазақстаннан 25 спорт түрі бойынша 105 спортшы қатысады.